Елордалық кәсіпкерлер қала тазалығын сақтауға атсалысады

Елордалық кәсіпкерлер қала тазалығын сақтап, оны көркейтуге өз үлесін қоспақ, деп хабарлайды 24KZ. Ол үшін әкімдік арнайы нұсқамалықтар дайындап, бизнес иелерін алдын ала хабардар етті. Бастама «Таза Қазақстан» жобасы аясында қолға алынып отыр.

Тазалық акциясы барысында жалпы саны 250 мың шағын және орта бизнес өкілі қамтылмақ. Оларға қойылатын талап жыл мезгіліне қарай өзгеріп отырады. Мәселен, қыста кәсіпкерге шатырларды қардан тазарту ұсынылса, жазда жасыл желекті күтіп баптау жүктелуі мүмкін.

Қуаныш Қадыр, Астана қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Кәсіпкерлер бұған қуана атсалысып жатыр. Әр апта сайын бұл акцияға мыңдаған кәсіпкерлер қатысып отыр. Олар өзіне іргелес территорияларды абаттандырып, тазартып, сонымен қатар қалаға ортақ жұмыс істейді.