Жезқазған маңынан 345 киіктің өлексесі табылды

Соңғы тәулікте Жезқазған маңынан тағы 345 киіктің өлексесі табылды, деп хабарлайды 24KZ. Оның 30-ға жуығы Кеңгір су қоймасынан алынды. Жиналған өлекселер арнайы мал қорымына жеткізіліп, жойылып жатыр. 

Бұл жұмыстарға табиғат инспекторларымен қатар Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері жұмылдырылған. Қыста өліп, қар астында қалған өлекселерді күн ысымай жинап алу мақсатында Жезқазған мен Қаражал қаласында арнайы штаб құрылды. Қостанай, Ақмола, Қызылорда облыстары мен Алматыдан «Охотзоопром» қызметкерлері көмекке келді. Жыл басынан бүгінге дейін облыс бойынша жалпы саны 6 мыңға жуық киік өлексесі жиналды. Дала жануарының нақты неден өлгенін анықтау мақсатында зоология институтының мамандары зерттеу жүргізіп жатыр. Алдын ала болжам бойынша олар табиғи жолмен, яғни күйектен соң әлсіреп өлген.

Бақтияр Рамазан, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК бас директорының орынбасары:

- Киік өлекселері көп. Өздеріңіз көріп отырғандай. Кеңгір су қоймасының ішінде ЧС жұмыс істей алмай жатыр. Мұздың жұқа болуы себепті не қайық жүре алмайды, не өздері жаяу жүре алмайды, түсіп кетіп, қиындық тудырып жатыр. Енді біздің мақсат мына Кеңгір су қоймасын тазалап тастау ертерек. Бүгін үшінші күн болды, жергілікті спасательдермен жұмыс жасап жатырмыз. бірінші күні 67 бас шығарғанбыз.