Жайық-Каспий бассейнінде балық қоры азайып барады
Жайық-Каспий бассейнінде балық қоры азайып барады, деп хабарлайды 24KZ. Былтыр атыраулық балықшылар бөлінген 15 мың тонна лимиттің 30%-ін ғана игерді. Ақ айдын бетіндегі кәсіптің ақсауына табиғи факторлар себеп. Өткен көктемде арнасынан асқан Жайық өзені бойындағы 8 шаруашылықтың бірқатар учаскесі су астында қалды. Соның кесірінен олар кәсіпке тек тамыз айында кірісті.
Бұл Жайық өзені бойындағы кіші Дамбы тартым учаскесі. Ашық күнді қалт жібермейтін балықшылар мұз кетісімен іске кіріскен. «Бірақ балық басы білінбей тұр», – дейді олар.
Асқар Қәдесов, балықшы:
- Шығып жатқан балық аз. Әртүрлі балықтар: вобла, сосын құттай судак, бірен-саран табан бар. Бір ауға 50 келі, 70 келі шығады. Жаңа басталып жатыр ғой маусым деген, бірдеңе болар деп отырмыз. Су салқындау, сосын болар балық келмей тұр.
Рас, әлі күн жылынған жоқ. Түнге қарай өзен суы күрт салқындап кетеді. Бұл теңізден шығатын балықтардың жүрісін тежейді. Жайық бойында 8 табиғат пайдаланушы бар. Олардың да жағдайы осындай.
Амангелді Ақтанов, Дамбы инспекцияның ихтиологы:
- Алға қарай сәуірдің 10-15-не қарай күн жылынса, балық жүреді. Уақ балық, қарагөз, табан, судак, сазан балықтары жүреді. Жайық бойына 2532 тонна бөлінді. Қазіргі таңда ауланған балықтың көлемі 800 тонна.
Тек Жайық өзені емес, Қиғаш пен Каспий теңізінде де биыл кәсіп мардымсыз болып тұр. 2024-25 жылдарға жалпы, Жайық-Каспий бассейні бойынша 15 мың тонна лимит бөлінген болса, оның игерілгені бар болғаны 4900 тонна ғана.
Облысты аралаған Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов жағдайдан жақсы хабардар. Балықшылармен жүздескен ол саланы дамытуға бойынша мемлекет тарапынан атқарылатын шаралармен таныстырды.
Серік Сермағамбетов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы:
- Шынымен де ол қордың, біріншіден, азайғандығы, екіншіден, бізде аква өсіру заңын қабылдап жатқаннан кейін оны біз балықты өсіруге бағыттап отырмыз. Қазіргі мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жеңілдіктер мен көмектердің барлығын осы балықты өсіру жағына қарастырайын деп отырмыз. Соған тиісті жеңілдіктер және қолдау шаралары қарастырылған.
Қазір облыста балықты қолдан өсіруге ниет білдірушілер пайда бола бастады. Былтыр 5 шаруашылық жабық бассейндер мен тоғандарда 373 тонна балық өсіріп, саудаға шығарды. «Биыл тағы 3 жоба жүзеге асырылса, ауланған балық көлемі 739 тоннаға жетеді», – дейді мамандар.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин