Ақмола облысында дала өрті жиіледі
Ақмола облысында 22 жерде өрт шыққан.
Бұл кейінгі екі аптадағы жағдай. От 350 гектарға жуық аумаққа тарады. Мамандар өрттің шығуына қураған шөп пен адами факторлар себеп екенін айтады.
Қазір тілсіз жаудың алдын алу мақсатында құтқарушылар мен полицейлерден жасақталған мобильді топтар құрылып жатыр.
Бұл қала шетіндегі саяжай маңы. Қызыл жалынның жылдамдағына көз ілеспейді. Бірақ құтқарушылар тілсіз жауды қалаға жеткізбей сөндіріп үлгерді.
Ерсайын Қойшыбаев, ТЖД ресми өкілі:
- Өрт саяжайлар мен жеке сектордағы үйлерге жеткен жоқ. Жедел түрде сөндірдік. Қалаға жақын болғанымен ешқандай қауіп жоқ деп айтуға болады. Қазір арнайы кезекшілік құрылып, құтқарушылар күн-түні сақадай сай отырады.
Абзал Балтабаев, тілші:
- Иә, аймақта дала өрті жиілеп кетті. Алыс аудан, ауылдарды айтпағанда облыс орталығының іргесіндегі жағдай осындай. Құрғақ шөп қызыл жалынға оранып жатыр.
Өрт сөндірушілерге тілсіз жаумен күрес оңайға соғып тұрған жоқ. Әсіресе, жел тұрғанда жағдай қиындай түседі. Ал батпақты аумақта кез келген техника қиналады.
Ерсайын Қойшыбаев, ТЖД ресми өкілі:
- Дала өртінің көбеюіне бірнеше себеп бар. Мысалы, жол бойындағы өрт тұрғындардың салғырттығынан туындайды. Себебі адамдар темекі қалдықтарын далаға лақтыра салады. Ал алқаптағы тілсіз жауға ауыл шаруашылығы техникасында пайда болатын ұшқын себеп болуы мүмкін.
Орман шаруашылықтары дала өртіне дайын болуы шарт. Аумақтық инспекция өкілдерінің талабы сондай. Бірақ бұған салғырт қарайтындар да бар. Дайындықтарын қамдамаған бірнеше мекеме басшысы жазаға тартылған
Арман Тұрымбаев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары
- Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған 11 орман шаруашылығы мекемесіне және 6 лауазымды тұлғаға айыппұл салынды. Айыппұлдың жалып көлемі 1 млн 700 мың теңгеден асты.
Биыл өңірдегі бес орман шаруашылығында өртті ерте анықтайтын жаңа жүйе іске қосылды. Сонымен қатар жақын арада мобильді топтар жасақталып, орман алқаптарын қадағалау жұмыстары күшейтіледі. Айта кету керек, былтыр өңірде бір де бір дала өрті тіркелген жоқ.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный