Өзбекстанда экологиялық «Арал мектебі» ашылады

Биыл Өзбекстанда «Арал» мектебі ашылады.

Зерттеу орталығы аймақтағы экологиялық мәселелерді реттеу мақсатында құрылмақ. Мұнда зертханалық тәжірибелер өткізіп, Арал мәселесін зерттеп жүрген ғалымдарға гранттар бөлінеді. Бұл туралы Самарқандта өткен экологиялық саммитте айтылды.

Аралдың құрғаған табанында қалған миллиардтаған тонна тұз аймақ тұрғындарымен табиғатына орасан зиянын келтіруде. Өзбекстан тарапы шаңды тоқтату үшін 1 млн гектар аумаққа сексеуіл ағашын отырғызды. Әлбетте, 100 көшеттің 40-ы ғана өссе де, қазір теңіз орнында кәдімгідей тоғайы пайда болған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Жасур Салихов, ғалым (Өзбекстан):

- Жыл сайын Арал теңізінің құрғаған жерінен жүз мың тоннадан астам тұзды құм көшеді. Тіпті тұзы мен топырағы ауаға тарап, Памир тауы мен Солтүстік мұзды мұхиттан табылды. Қазір Аралдағы тұзды көшті тоқтатудың жалғыз ғана жолы бар, ол – теңіз табанын көгалдандыру.

Арал мектебі Орталық Азия ғалымдарының басын біріктіретін орталыққа айналуы тиіс. Әр жоба ғылыми көзқарастың негізінде жасалатын болады. Сондай-ақ шетелдік мамандарды шақырып, тәжірибе алмасу жоспары бар.  

Динара Зиганшина, Орталық Азия мемлекетаралық ғылыми-ақпараттық орталығының директоры:

- Су мәселесі Орталық Азия мемлекеттері үшін өткір болып тұр. Әмудария мен Сырдария өзендері шекаралық өзен болғасын оның суы бәріне ортақ. Біздің мемлекетаралық комиссияның миссиясы тіршілік нәрінің әр мемлекетке әділ жетуін қадағалау. Әрине шетелден тәжірибе алу маңызды. Бірақ біз Орталық Азияның ғылыми орталықтарын дамытуымыз қажет.

Бір кездері әлемдегі үлкен теңіздердің бірі болған Аралдың аумағы 50 жылдың ішінде екі есе, су көлемі 5 есе азайды. Тереңдігі 18 метрге төмендеді. Тартылған соң теңіз екіге бөлінді. Үлкен Арал Өзбекстанда, Кіші Арал – Қазақстанда. Ендігі мақсат бар суды жоғалтып алмай, экологоиялық апатты болдырмау. Бұл жұмыстар Арал мектебінің ғалымдарына жүктеліп отыр. 

Дулат Нуркин