Депутаттар инвесторлардан экологиялық келісімшартты ашық көрсетуді сұрап отыр

Мұнай игеруші инвесторлар экологиялық келісімшартты ашық көрсетуі тиіс. Мәжіліс депутаттары соған сұрау салды, деп хабарлайды 24kz.

Бұдан бөлек, олар Каспийдегі барлық мұнай жобасына халықаралық аудит жүргізуді талап етіп отыр. Теңізде «қара» алтын қазып жатқан ірі кен орындарына кейінгі кезде сын көбейді. Тіпті теңіздің таяздануы – табиғи құбылыс дегенді құптамайтындар да бар.

Депутаттар дабыл қағатындай не жағдай болды?

Нысаналы Ығыл, тілші:

- Әрине, Каспийдің тағдыры қыл үстінде тұр деп түңілдіре алмаймыз. Бірақ күрделі екені рас. Қазір Солтүстік Каспийді сақтап қалу жайлы уәж айтыла бастады. Әсіресе, біздің елге тиесілі бөлігі тартылып барады.

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев алдағы 75 жылда жойылып кету қаупін де жоққа шығармады. Тағы бір мәселе. Теңіздегі мұнай компанияларына мұқият тексеріс керек. Депутаттар Каспийге халықаралық экологиялық аудит жүргізілуін ұсынды.

Сергей Пономарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бақытымызға орай ірі көлемде мұнай төгінділері жоқ. Бірақ апатты жағдайлар жиі боп тұрады. Жалпы ахуалды керемет дей алмаймын, әйтеуір қадағаланады. Әйтсе де, итбалықтар мен балықтар азайып жатыр. Ағыстар тартылды. Әрине, бұған техногендік сапа әсер етеді. Мұнайды игеруге байланысты. Халықаралық қауымдастық қажет аудитті жүргізе алады және қажет нұсқама мен кеңес те бере алады. Түптеп келгенде, талап та қоя алады.

Теңіздегі кен орындарының қауіпті екенін депутат Еділ Жаңбыршин де айтқан еді. Ондағы қысым 9 атмосфераға дейін барады. Ал, күкірт қышқылы 20-25% деңгейінде.

Сондықтан айдындағы жағдайды үнемі бақылауда ұстау үшін ақпараттық технологиялық жүйе қажет. Мұнай компанияларына экологиялық талаптарды қатаңдатып, жүйелі заңбұзушылықтар үшін лицензияларын уақытша тоқтату жайы да көтерілді. «Бұдан бөлек, теңіз түбіне шөккен кемелер дерегі бар», - дейді экологтар. Соның бірі екі жыл бұрын Баутино ауылында тіркелсе, кеңес кезінен бері шығарылмай жатқандары да кездеседі.

Данияр Әкімжанов, Республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығы маңғыстау филиалының директоры:

- Қаламқас теңізіне жақын жердегі Двухсотый районында Кеңес дәуірі кезінде мишень, полигон ретінде пайдаланған. Бірнеше кеме жатыр батып, соларды да тазалауға жұмыстану керек. Енді оны полигон кезінде пайдаланғаннан кейін оның астында не жатқанын білмейміз ғой кемеден бөлек. Сол себепті олар да Каспийдің, қоршаған ортаның, флорасы мен фаунасына кері әсерін тигізіп жатыр деген өзімнің жеке күмәнім бар.

Арман Балтабайұлы, жүргізуші:

- Олай болса, күмәнді қалай сейілтеміз? Теңізде экологиялық талаптарды сақтау бойынша тексеріс жүргізіле ме?

Нысаналы Ығыл, тілші:

- Суға батқан кемелерді іздепті, олардың зардабын зерттепті дегенді өз басым естімедім. Бірақ қызметі Каспиймен байланысты кәсіпорындар жыл сайын тексеріледі. Экология министрлігі былтыр 99 тексеріс жүргізген.

Назия Жолатқызы, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бас сарапшысы:

- Жалпы сомасы 15 млрд теңгеде аса айыппұл салынып, өндірілген. Атап айтсақ, NCOC компаниясына қатысты 12 млрд теңге сомасында айыппұл салынып, өндірілген болатын. Сондай-ақ ТШО ЖШС-на қатысты тексеру жүргізіліп, 2,8 млрд теңге көлемінде айыппұл салынып, өндірілді.

Сергей Пономарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл күлкілі сома. Өте аз. Негізі жүздеген млрд, тіпті триллиондар болу керек. Өйткені мұнай ондаған жылдар бойы игеріліп жатыр. Әлбетте, біз қазір мұнай өндірушілермен келісімшарт мазмұнын аша алмаймыз. Себебі, о баста солай мақұлданған. Комерциялық құпия. Бірақ біз ең кемі экологиялық келісімшартты ашып көрсетуін сұрап отырмыз.

Құпия ашылғаннан соң амал-тәсіл өзгерер. Бірақ қазір кен орындарының бұрғы, ұңғы сияқты негізі құрылғыларына автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылып жатыр. Яғни, экологиялық талап бұзылса, сол мезетте мәлімет кеп түседі. Сондай-ақ «Азаматтық қорғау» заңына «мұнайдың төгілуін жою бойынша уәкілетті органның теңіз ұйымы» деген ұғым енгізілді. Әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар ереже. Тіпті Каспий маңы елдері соған жүгінеді. Бірақ бізде құрылым да, құзырет те, құрал да болмаған. Құжат қолдау тапса, теңіздегі төтенше жағдайларға төтеп беретін әлеует болады.

Бастысы, ғылымды күшейтіп, эколог мамандардың мәртебесін көтеріп, олардың жауапкершілігін арттыру да күрмеуі шешілмеген мәселе.