Жуырда жаңа Су кодексі күшіне енеді
Мемлекет басшысы жаңа су кодексіне қол қойды.
Бес негізгі қағидат назарға алынған басты құжатта жаңашылдық көп. Бұл жолы заңнамаға алғаш рет "су қауіпсіздігі" ұғымы енгізіліп отыр. Тіршілік нәрін тиімді пайдалану, мемлекеттік реттеу және бақылауды қатаңдату мәселелері де қамтылған. Ол жайында әріптесім Кәмшат Мұхамеджаннан білейік. Кәмшат, кеш жарық! Су ресурстарын басқарудың бас жоспары қалай жүзеге асырылады? Заңның негізгі мақсат-міндеттері қандай?
- Су кодексінің жаңартылған нұсқасына күні кеше президент қол қойып, күшіне енуге жіберілді. Жылға жуық уақыт қарастырылып, пысықталған құжатты әзірлеуге депуттаттар мен сарапшылар, министрлік өкілдері қатысты. Заңнама 134 бап, 15 тарау және 6 бөлімнен тұрады. Кодекстің бірінші блогы су үнемдеудің жаңа тетіктерін енгізуге және су нысандарын қорғауға бағытталған. Бұл жерде алғаш рет "су қауіпсіздігі" ұғымы қолданылады. Ең алдымен ел экономикасындағы тіршілік нәріне тапшылықтың алдын алу көзделген. Трансшекаралық су нысандарын қорғау мен пайдалану саласы Қазақстан мүддесіне қызмет етеді.
"Су қауіпсіздігі" ұғымы енгізілді
Серікжан Бекетаев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі су саясаты департаментінің директоры:
- Су қоймаларындағы суды реттеп, экономика салаларында және біздің экологиялық ағын деп жатырмыз су деңгейінің потенциалын түсірмеу мақсатында соны сақтай отырып сумен қамтамасыз ету керекпіз. Ол біздің бассейндік инспекциялар арқылы жүзеге асырылатын болады.
Құжаттың екінші бөлігі саланы басқару тәсілдерін қайта қарастырады. Онда су ресурстарын қорғаудың басым бағыттарына, шешім қабылдауға қараша халықты тарту мәселесі көрсетілген. Тасқынға тосқауыл болу, судан келетін зиян мен залалдың алдын алу және жою жұмыстарын тиісті деңгейде атқару заң жобасының үшінші блогында. Тағы бір жаңашылдық - су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу және бақылау қатаңдатылып отыр. Ендігі жерде бассейндік су инспекцияларына мемлекеттік бақылау функциясынан бөлек, жедел әрекет ете отырып қосымша өкілеттіліктер берілді.
Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасының бұл нұсқасы ұзақ уақыт пысықтаудан, талқылаудан өтті. Біздегі жұмыс тобы сарапшылармен, депуттаттармен, министрліктегі мамандармен аймақтағы ахуалдың барлығын сараладық. Жаңа кодекс қазіргі қолданыстағы құжаттан айтарлықтай өзгешелігі бар. Бұл жерде ең алдымен осыдан 2-3 жыл бұрын тап болған кедергілерді толық жою қарастырылған. Сонымен қатар, біз су және ирригация министрлігімен жуырда сөйлестік. Саланы цифрландыру үрдісі қарқын алып жатыр. Бюджет қаражатын пайдаланбай- ақ бастаманы іске асыру көзделіп отыр. Тағы бір маңызды жұмыс ол қолдағы бар тіршілік нәрін үнемді жеткілікті қылып пайдаға жарату.
- Біз көрші елден келетін су қорына тәуелді екеніміз анық. Заңнамада трансшекаралық өзендердің жай-күйі ескерілген бе?
Иә, орынды сауал бүгінде біздегі су ресурстарының 44,3%-ы трансшекаралық өзендер есебінен толығады. Министрлік мәліметіне жүгінсек, өзен-көлдің 55,7%-ы республика аумағында қалыптасып отыр. Біздің ел су қорын жинау үшін Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанмен мәміле жасайды. Жалпы Қазақстан негізгі ірі трансшекаралық өзендердің төменгі ағысында орналасқан. Ең ірісі Ертіс болса, ең кішісі Талас өзені екені белгілі. Жаңа құжатта көршілермен бір мақсат, бір мүддеде бірлесіп жұмыс істеуге күш салу көзделген. Экономикалық байланыс, геосаяси жағдай, дипломатиялық қатынас алдағы уақытта жандана түседі деген сенім бар.