Қызылорда облысында суды үнемдеу технологиясы кеңінен енгізіліп жатыр
Биыл Қызылорда облысында 193 мың гектар жерге егін егіледі.
Оның 85 мың гектары күріш алқабына тиесілі. Мамандар биыл суармалы судан тапшылық болмайды деп отыр. Дегенмен су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жұмыстары жалғаса бермек.
Осыдан екі жыл бұрын Мақпалкөл ауылындағы 35 гектар күріш алқабына автоматтандырылған су тоспасы орнатылған. Электронды жүйе егінге пайдаланылатын тіршілік нәрінің әр тамшысын үздіксіз есептейді. Межеден асып бара жатса, су беру тоқтатылады. Былтыр осы атыздан рекордтық өнім алынған.
Әділет Қалдыбекұлы, агроном:
- Жақсы өнім көрсеткен атыздар болды. Бір күрішші гектарына 101 центнерден өнім алып, өзіміздің шаруашылықтың рекордын жаңартып, жақсы көрсеткіш көрсетіп отыр. Соны қайталап, жақсы нәтиже шығарамыз деген мақсаттар құрып отырмыз. Тегістік пен суды үнемдеу құрылғысын пайдалану арқылы, сол құрылған сушының күріші жақсы көрсеткіш көрсетті. Сол суды үнемдеудің арқасы деп ойлап отырмыз бәріміз.
Биыл Жалағаш ауданында су үнемдеу технологияларының көлемі артады. Бақша дақылдарын тамшылатып суару 4 есе артады. Ал егіндік жердің 80 пайызы лазерлік тегістеуден өтеді. Су арналары да тазартылады.
Алтынбек Дәрібаев, Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Ішкі су жолдарын тазарту жұмыстары жоспар бойынша біз 20 мың 500 текше метр каналдардан топырақ шығаруымыз керек. Бүгінгі күнге содан 65 пайызы орындалып отыр. Шаруашылық каналдарынан 225,6 мың текше метр топырақ шығаратын болсақ, одан бүгінгі күнге 80 пайызы тазартылды.
Биыл өңірде 56 шақырым магистралды су арнасы тазаланып, алпыстан астам гидроқондырғы жөнделеді. Сонымен қатар бірнеше автоматтандырылған су тоспасын орнату жоспарланған.
Талғат Дүйсебаев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- 80 мың гектар жерді суландыратын ол солжаға магитсральды каналы. Сол каналдың бойынша австралиялық өлшейтін құралдар автоматизация жұмыстарына жоба жасалуда. Қазір мемлекеттік сараптамаға кіру керек. Қаржыландыруын осы жылдың аяғына немесе келесі жылға бюджетке ұсынылатын болады.
Одан қалды өңірде 4,5 мың гектар жерге жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісі енгізіліп жатыр. 65 мың гектар жер лазерлік тегістеу құрылғысымен өңделеді. Қазір шаруалар ерте пісетін дәнді және малазықтық дақылдарды себуді аяқтап қалды. Ал 10 күннен кейін аймақтың басты дақылы – күріш егу жұмыстары басталады.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев