Елімізде «Жасыл аула» акциясы аясында 17 мың ағаш отырғызылды

«Жасыл аула» экологиялық акция аясында елде 17 мың түп ағаш отырғызылды, деп хабарлайды 24kz.

Акция Қазақстанның оңтүстігі мен батыс өңірлерінде өткізілген. Іс-шара мақсаты – көппәтерлі тұрғын үй аулалары мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру. Оған 50 мыңға жуық үй тұрғыны, коммуналдық шаруашылы  өкілдері мен еріктілер жұмылдырылды. Аулаларға ағаш көшеттерімен бірге бұталар және сәндік өсімдіктер егілген. Сондай-ақ гүлзарлар орнатылып, демалыс аумақтары жаңартылды. Жалпы «Жасыл аула» акциясы «Таза Қазақстан» экологиялық тұжырымдамасы аясында қолға алынған.

Естеріңізге сала кетсек, 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендерде 15 млн түп ағашын егуді тапсырған еді.

Азамат Әбуов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басқарма басшысы:

- Қазіргі таңда әкімдіктермен 14,2 млн түп ағашы отырғызылған. Сонымен қатар 2025 жылдың аяғына дейін 17 млн ағаш отырғызуға жоспарлап отырмыз. Негізі ең көп ағаш егілген аймақтар, ол – біздің қалалар. Астана, Алматы, Шымкент қалалары қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Өйткені елді мекеннің аумағы үлкен болғандықтан және қаражат қарастырылған. Басқа өңірлерде де жұмыс жүргізіліп жатыр.