Төлеби ауданында ауқымды тазалық акциясы өтті

Түркістан облысының Төлеби ауданында ауқымды тазалық акциясы өтті, деп хабарлайды 24kz.

Іс-шара «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Жасыл толқын» бағыты аясында ұйымдастырылды. 300-ге жуық жергілікті тұрғын мен еріктілер Сайрамсу тау өзенінің бойындағы 18 шақырым аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Әсіресе, пластик бөтелкелер мен шыны сияқты ұзақ уақыт шірімейтін қоқыстар жиналып, арнайы орындарға жеткізілді. Тазалық шарасы барысында аудандық және облыстық маңызы бар жолдардың бойына ағаш көшеттері егіліп, қураған бұтақтар кесілді. Акция аясында 10 арнайы техника жұмылдырылып, 5 тоннадан астам күл-қоқыс арнайы полигонға тасымалданды. Сонымен қатар су қорғау аймақтары мен жол жиектері де қоқыстан тазартылды.

Еркеғали Әлімқұлов, Төлеби ауданының әкімі:

- Бұл жерде көптеген күл-қоқыс тастаған. Мен осыған орай барлық аудан тұрғындарына, әсіресе, біздің ауданға келетін барлық туристерге өзімнің өтінішімді айтайын деген едім. Біздің өзіміздің табиғатымызды қорлап, экологиялық зиян келтіріп жатырмыз. Қоқыс тастау – бұл Жер ананы қорлау болып табылады. Барлықтарыңызды күл-қоқысты тастамай, экологиялық мәдениетті көтеруге шақырамын.