Қызылордада инновациялық шыны зауыты салынады

«Таза Қазақстан» экофестиваліне арналған көрмеде Президент Қызылорда облысында салынатын инновациялық шыны зауытына жоғары бағасын беріп, экономикамызды нығайту тұрғысынан маңызды жоба деп атады. Кәсіпорынның күллі Орталық Азияда теңдесі жоқ. Сапасы кез келген халықаралық стандартқа сай келеді. Кәрі құрлықтан тартылған тың технология өндіруге ғана емес, қалдықтарды қайта өңдеуге де арналған. Зауыт іске қосылса, жылына қоқыста жатқан 50 000 тонна шыны қайта өңделеді. Нәтижесінде жылына 220 миллион бөтелке мен банка шығарады.

Бұл толықтай отандық жоба. Кәсіпорын құрылысы биыл жазда басталады деп күтіледі, ал алғашқы өнімін 2027 жылдан бастап бере бастайды. 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашылады деген жоспар бар. Жобаны жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын ашып, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына түсетін жүктемені азайтады. Осылайша өңірдің экологиялық жағдайын жақсартып, импорттық тауарларды отандық өніммен ауыстыруға ықпал етеді.

Александр Возняк, «Seven Rivers» ЖШС өкілі:

- Бұл өңір үшін ауқымды жоба. Елдің әр өңіріндегі полигондардан жиналған қалдықтарды қайта өңдейміз. Шикізат ретінде Аралдың тұзы, содасы мен құмы пайдаланылады. Осының арқасында сапасы мінсіз, жоғары стандарттарға сай болып шығады. Орталық Азияда сапа мен технология тұрғысынан бұған жететін зауыт жоқ. Сұраныс жоғары, десе де біз ішкі нарықтың қажеттілігін жабуды жоспарлап отырмыз. Себебі Қазақстандағы шыны өнімдерінің басым бөлігі шетелден алынады. Ал шыны зауыты импортты 40% дейін азайтуға ықпал етеді. Тиісінше, бұл қаржыны сыртқа шығармай, ел ішінде сақтиап қалуға мүмкіндік туады.