Әлемдегі киіктердің 99% қазақ даласын мекендейді
Астанада киік популяциясын тұрақты басқару тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды 24kz.
Келелі кеңеске мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар мен ғалымдар қатысты. Онда ақбөкендерді қорғау, агросектор өкілдеріне келетін залалды азайту тетіктері талқыланды.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Елде киік көбейіп келеді. Қазір қазақ даласындағы ақбөкендердің саны 4 млн-нан асты. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Айтайық, 2003 жылы дала жануарының саны 20 мың бастан әзер асатын еді. Он жылда олардың қатары 2,8 млн-ға дейін артты. Ал көктемгі көбеюден кейін 4 млн-ға жетті. Бұлай жалғаса берсе, екі жылда 5 млн басқа жетуі бек мүмкін.
2003 жылы – 21 мың бас
2024 жылы – 2,8 млн бас
2025 жылы – 4 млн бас
2027 жылы 5 млн-ға жетуі мүмкін
Әлемдегі киіктердің 99% қазақ даласын мекендейді
Жер жүзіндегі киіктердің 99%-і қазақ даласында тіршілік етеді. Қалғаны Ресей, Өзбекстан, Моңғолия секілді мемлекеттерді мекендейді. Ал елде ақбөкендердің 3 ағыны бар. Олар – Орал, Бетпақдала, Үстірт популяциясы. Әсіресе, Маңғыстауды мекендеген ақбөкендердің қатары айтарлықтай көбеюде. Төрт жылдың төңірегінде түз жануарының саны 5 есеге өскен. Айтайық, 2021 жылы олар 12 мың болса, былтыр мұндағы аша тұяқтылардың қатары 63 мың басқа дейін ұлғайған.
Қазақстан – 99%
Ресей, Өзбекстан, Моңғолия – 1%
Ғаббас Досатов, Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:
- Енді киіктердің санатын қарағанда киіктердің Қазақстандағы 3 популяциямен саны аз болғанымен, өсу қарқыны, көбею қарқыны жоғары популяцияны береді. Былтырғы 24 жылы соңғы санаты бойынша үстірт 63 мыңнан асты. Енді бұл жерде хром мекемесі, Табиғатты қорғау мекемелері, міне, осы қызметкерлердің жемісі деп білеміз. Соңғы жылдардағы 4-5 жылдағы үстірт таралымы өте жоғары.
Киіктерден қандай қауіп бар?
Дегенмен, киіктің көбеюі кейде кері әсер етеді. Бір ғана мысалға тоқталайық. Былтыр Батыс Қазақстан облысының төрт бірдей ауданында төтенше жағдай жарияланды. Себебі мұнда 921 мың гектар егістік пен жайылымды киік таптап, шаруалар шаш етектен шығынға батқан еді. Салдарынан әкімдік қарашаны қолдауға һәм жем-шөппен қамтуға қазынадан 4 млрд теңге бөлді. Сол секілді Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстарында да киіктен келетін зиян көп. Диқандар биылда еккеніміз тапталып, еңбегіміз еш кетеме деп қорқады. Мәселен, ұлытаулық шаруа Төлеген Жаманов былтыр 100 гектар жерге мал азығын еккен. Соның 25 гектарын киік таптап кеткен көрінеді. Өзі айтсын.
Төлеген Жаманов, шаруа қожалығының басшысы:
- Сәуір айының басынан бастап біздің Бетпақдала популяциясындағы ақбөкендердің солтүстікке қарай өтетін, жыл сайынғы миграциялық көші қон басталып кетті. Қазір елдегі шаруалардың, әсіресе, Ұлытау облысындағы шаруаларының ең бірінші өзекті мәселесі бұл – мал азығын дайындау. Қысына жететін жемін, азығын, бидай, апасын ептеп салып бастайды. Бірақ осыны келеді де киік келіп таптап кеткен уақытта шаруалар қып-қызыл шығынға батады. Оны ешкімнен сұрай алмайсыз. Оның өтемақысын ешкім қайтармайды.
42 мың киік атылды
Не істемек керек? Бұған дейін киіктердің санын қолдан реттеу ісі ұсынылған еді. Сөйтіп, 2023 жылы 337 мыңнан астам ақбөкенді атуға рұқсат берілді. Дегенмен, іс жүзінде тек 42 мың бас аша тұяқты атылды. Кейін 2024 жылы 10 ақпаннан бастап бұл шешім уақытша тоқтатылды. Ал қайта қашан қолға алыныты белгісіз. Бір білетініміз, бұл мәселе қазір майшаммен қаралып жатыр. Бұл жайлы өткен айда Үкімет отырысында бас эколог Ерлан Нысанбаев айтқан еді. Сол сәттегі министр мәлімдемесіне назар аударайық.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Ғалымдар мәселені зерттеп, зерделеп жатыр. Қазір киік тақырыбында қайшылықтар көріп отырмыз. Бұл жерде ғылыми көзқарас қажет. Соған сай таразыланған шешім қабылдаймыз. Мәселе Орман шаруашылығы комитетінің қарауында жатыр.
Депутат киік еті өндірісін заңдастыруды ұсынды
Ал Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев киік еті өндірісін заңдастыруды ұсынды. Ол, түз жануарын аулап, кейін санитарлық талаптарға сай сойылса, оның өніміне халықтан да сұраныс болатынына сенімді.
Қазыбек Әлішев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ауыл шаруашылығы ретінде, менің айтарым, оның еттерін ату емес, кезінде метод болған ұзын ау арқылы аулап, ветеринарлық талаптарға сай бауыздап, оның етін жылжымалы ет өңдеу кешендерінде өңдеу. Бұрын біздің аудандарымызда ет өңдеу кешендері болған. Мәселен, Ақтөбе облысында, Ырғыз аудандарында ет өңдеу кешені ауылдың сыртында тұр.
Бірақ қазір Қазақстанның киік етін өндіруге, экспорттауға құқығы жоқ. Белгілі экологиялық шолушы Сәкен Ділдахмет осылай дейді. Себебі халықаралық ұйымдарда бұған тыйым салынған. Сондай-ақ сарапшы өндіріс үшін елдегі ет комбинаттарының әлеуеті аздық ететінін айтады.
Сәкен Ділдахмет, тәуелсіз экологиялық шолушы:
- Халықаралық СИТЕС конвенциясы бар. Бұл жойылып кететін, сирек кездесетін аңдарды сатуға, тасымалдауға тыйым салынады. Бұл конвенцияға сәйкес халықаралық деңгейде Қазақстан үшін нөлдік квота қойылған. Сәйкесінше біз киіктің етін шетелге шығарып сататын болсақ, болмаса, оның мүшелерінен дәрі жасайтын болсақ, осы конвенцияға өзгерту енгізіп, жылдық квотаны бекіту керек.
Қалай десек те, қазақ даласының киесіне айналған киікті жаппай қыруға жол берілмейтіні бесенеден белгілі. Ал олардың саны қандай жолмен реттелетіні әзірге белгісіз. Мәселені телеарна тілшілері бақылауда ұстайды.