Астаналық жас суретшілер таза Қазақстанды бейнеледі

Таза Қазақстан – балалар көзімен. Бүгін Астанада дәл осындай атаумен ашық аспан астында сурет байқауы өтті. Байқоңыр аудандық әкімдігі ұйымдастырған экологиялық акцияға өнер мектебінің 30-ға жуық шәкірті қатысып, табиғат тазалығын бояулармен бейнеледі.

Сурет байқауына қатысушылардың бірі – Гүлім Асылхан. Жас суретші табиғаттың, әсіресе жасыл-желектің суретін салғанды ұнатады. Қоршаған ортаның таза болғанын қалайды. Сол себепті суреттерінде Таза Қазақстанның бейнесін табиғат арқылы жеткізбек. 

Гүлім Асылхан, 10-сынып оқушысы:

- Әрбір отбасында балаларына тазалықты үйрету керек. Мектеп, балабақша, университетте де үйретуі керек деп ойлаймын. Мен бүгін тақырып бойынша Таза Қазақстанды пейзаж ретінде саламын.

Жас суретшілер айналадағы көріністі әдемі бояумен бейнелеуге кірісті. Табиғатқа деген көзқарасын шығармашылық арқылы жеткізді. Әр қатысушы қиялындағы таза әрі жасыл Қазақстанды қылқаламның күшімен жеткізбек.

Арман Баянбеков, Байқоңыр аудандық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы:

- Біз бұл экологиялық жоба арқылы әр адам қоршаған ортаға деген  жауапкершілігін сезінсе екен дейміз. Әрі оқушылар арасында экологиялық сананы тәрбиелеуге ерекше назар аудармақпыз. Жалпы Байқоңыр ауданы бойынша «Таза Қазақстан» ациясы аясында өткізілген экологиялық шаралар легі көп. Бұған дейін ауданымыздағы бірқатар көшеге ағаш отырғыздық. Сондай-ақ қала мектептері, колледждер мен университеттерінде түрлі акциялар өткізілді.

Жас суретшілер «Таза Қазақстанды» осылайша әдемі бейнеледі. Балалар тазалықты әр адам өзінен бастаса екен дейді. Ал бүгінгі шара бір реттік емес,  еліміздің экологиясына жауапты ұрпаққа үлкен тәрбие болмақ. Таза ауада сурет салу да баланы тазалыққа тәрбиелеудің таптырмас әдісі екен.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ақылбек Есімсейітов