Алматы жастары Жеңістің 80 жылдығына орай сенбілік өткізді
Алматыда Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында жастар «Кеңсай-1» және «Кеңсай-2» зираттарында ауқымды сенбілік ұйымдастырды, деп хабарлайды 24KZ. Олар Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, қоғам қайраткерлері мен елге белгілі тұлғалардың бейіттерін тазалап, рухына тағзым етті.
Игі шараға, қаладағы комьюнити орталықтарының резиденттері, волонтерлер, белсенді жастар мен студенттерден құралған 200-ге жуық адам қатысты. Жастар үшін бұл сенбілік тек тазалық жұмыстары емес, өткенге құрмет көрсетудің және ұлы ерлікті еске алудың бір көрінісіне айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тәрбиелік мәні зор мұндай шаралар, алдағы уақытта да жалғасын табады.
Қадірбек Файзуллаев, Түрксіб аудандық Комьюнити орталығының директоры:
- Бұл тек қана былай айтқанда сенбілік мақсатта, тазалық мақсатта ғана емес. Бұл идеологиялық жағынан үлкен жұмыс болып саналады. Себебі соғыс ардагерлері, біздің ата-бабаларымыз жастардың мәңгі жадында. Сол үшін олардың аруағын, олардың ерлік-еңбегін насихаттау, оларды үлгі тұту ол жастардың үлкен міндеті деп табамыз.