«Таза Қазақстан»: Ақсуат ауданында 5000 ағаш егіледі

Абай облысының Ақсуат ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті, деп хабарлайды 24kz.

Тазалық жұмыстарына аудан тұрғындары, түрлі деңгейдегі мекеме қызметкерлері, жастар мен аға буын өкілдері қатысты. Ортақ іске жұмылған жұрт көшелерді, демалыс орындарын тазартты. Ауылдың кіреберісі мен саябақтарда ағаш екті.

Ақсуат ауылының жастары тазалық шарасына бір кісідей қатысты. Бұл жолы ауылдың кіреберісіндегі Тұяқ баба көшесінің бойында жүзге жуық тал екті. Ақсуатта туып өскен Асқарбек Бақытбекұлы тазалық акцияларына үнемі қатысады. «Ағаш егу – ұрпақтан ұрпаққа қалған жақсы үлгі-өнеге», - дейді ол. Жалпы биыл аудан әкімдігі 5 мың ағаш сатып алған. Оның екі мыңы Ақсуатта егілсе, қалғаны шалғайдағы ауылдарға жіберіледі.

Асқарбек Бақытбекұлы, Ақсуат ауылының тұрғыны:

- Тал егу акциясына барша аудан жастары, ауыл жастары келіп қатысып, өз үлестерін қосып отыр. Қазақта бір жақсы сөз бар: «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді. Сол себепті кейін көгалданып, өсіп жатқан жағдайда бір жақсы көрініс болады. Ауылдың экологиясына бір жақсы әсер етеді деген мақсатпен осындай ауыл жастары атсалысып жатыр.

Бұған қоса, ауыл тұрғындары адам көп жиналатын орындарды күл-қоқыстан арылтты. Жыл басынан бері сенбілікке аудан бойынша екі мыңнан астам адам қатысқан.

Сағатбек Жетпісбаев, Ақсуат ауылының тұрғыны:

- «Береке қай жерге келеді, таза жерге келеді», - дейді. Сондықтан ауыл, аудан тұрғындарын тазалыққа шақырамын. Ол тазалық әр отбасыдан басталады. Үйіміздің айналасын осы көктем шыққалы тазалап, бір кісідей осы ауданның тазалығын сақтасақ, өзімізге де, денсаулыққа да, табиғатқа да өте жақсы акция.

Биыл Ақсуат ауданында 4 жалпыаудандық сенбілік өткен. Оған 60-қа жуық мекеме қатысып, екі мыңнан астам аула тазартылған. Нәтижесінде 400 тонна қоқыс шығарылды. Тазалық акциялары әлі де жалғаспақ.

Ахмет Аққазин, Ақсуат ауданы әкімінің орынбасары:

- Халықтың құлшынысы жақсы. Жалпы тазарып келе жатыр. Жалпы тазалық әркімнің өзі үшін қажет нәрсе. Жергілікті атқарушы орган әлі де бұл жұмысты жалғастырамыз. Тоғыз ауылдық округте 9 белгіленген полигон бар. Сол жерге арнайы орындарға шығарылып, төгіліп жатыр.

Абай облысында жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясына 20 мыңнан астам адам қатысқан. 18 тонна қоқыс шығарылды. Енді өңірде аптасына бірнеше мәрте сенбілік өтеді. Акция аясында биыл 77 мың түп ағаш егіліп, 22 аула абаттандырылады деген жоспар бар.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов