Климаттың сынаққа қалай төтеп береміз?

Қазақстанда жылдан жылға күн ысып барады. Климаттың күрт өзгерісін жіті бақылаған синоптиктер былтыр жаға ұстатар дерек тіркеді, деп хабарлайды 24kz.

2024 ел тарихындағы ең ыстық жыл болған. Мамандардың айтуынша, жаһан дереу күш біріктірмесе, қауіп күшейе береді. Осыған байланысты Астана халықаралық форумында бұл тақырып терең талқыланбақ. Мәселе жоғары деңгейде қаралып, әлем назарын аудару жоспарланып отыр. Күн райынан төнетін тағы қандай қауіп бар?

Бекзат Аманов, тілші

- Халықаралық қауымдастық дабыл қаға бастады. Жаһандық жылыну шарықтау шегіне жақындап келеді. Жер шарындағы ең жоғарғы температура небәрі 2 жыл бұрын ғана тіркелді. Рекордтық көрсеткішке жеткен 2023 жыл бәріміздің жадымызда. Күн аптап, ауа құрғап, тіршілік иелері жанын қоярға жер таппады. Дәл сол кезеңде БҰҰ бұрын-соңды болмаған құрғақшылық, өрт һәм су тасқындарын тіркеді.

Біздегі ахуал да мәз емес. Қазақ даласы да табиғи апаттан тыс қалмады. Қырық құрау тағдырдың құрсауында келе жатқан Орталық Азияның өзі от пен судың ортасында тұр. Мұны отандық экологтар да растайды. Бір ғана мысал: кейінгі 70 жылда Қазақстанда ауа температурасы шамамен 2 градусқа көтерілген. Небәрі 2 градус дерсіз, алайда оның артында қураған егін, қашқан су, жұтаған мал мен жұқарған жүйке тұр. Көктемгі толассыз тасқын да соның салдары.

Нұрайлы Қожагелдина, «Қазгидромет» РМК Ғылыми-зерттеу орталығы климаттық зерттеулер басқармасының басшысы:

- 2024 жылдың көктемінде Қазақстанда қыста көп жауған қар, күрт жылыну және бір уақытта қардың еруі салдарынан жоғары деңгейдегі тасқындармен кездесті. Мұндай тасқындар климаттың дәл осы бағытта өзгеруі жалғасса, қайталануы мүмкін. Су тапшылығы, жаз айларында еліміздің оңтүстігі мен батысында жауын-шашын тапшылығы мен мұз суының жоғалуы салдарынан су көздерін қамтамасыз ету мәселелері жиі туындауда.

Табиғатқа тас атсақ, түбі өзімізге қайтып тиеді. Экологтардың қорқынышты болжамы жылдам орындалуда. Ал Орталық Азия үшін климаттың күрмеуі, тіпті бірінші орынға шықты. Себебі өңірде халық саны қарқынды өсіп келеді. Кейінгі 30 жылда мұндағы тұрғындар 75 миллионға жетті. Бұл ресуртарға қажеттілікті күшейтіп, су тапшылығын арттырды.

Сәуле Сабиева, ҚР ЭТРМ Климаттық саясат департаментінің директоры:

- Орталық Азия климаттық сын-қатерге осал. Қазақстандағы деградацияға ұшыраған жерлердің шамамен 40%-і қайта деградацияға ұшырауға бейім. Тиісінше, тиімді шешімдерді қажет етеді. Ең алдымен қуаңшылық мәселесін шешу керек. Алдағы Астана халықаралық форумында тұрақты даму мәселесі мен Париж келісімін жүзеге асыру тақырыптары талқыланады. Биыл Париж келісімін қабылдағанымызға 10 жыл болады, Сондықтан климат бойынша Париж келісімі аясындағы міндеттемелерді орындау мәселесі де қаралады.

Айта кетейік, Қазақстан Париж келісімін ратификациялап, 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдаған өңірдегі алғашқы ел. Тиісінше, міндеттемені уақытылы орындап, жаһандық күреске қарқынды үлес қосып жатыр. Астана халықаралық форумы да көпжақты ынтымақтастық пен тұрақты халықаралық серіктестіктің жаңа дәуірін қалыптастыруды мақсат етеді. Тиісінше, түйіткілді тарқатуға арналған тиімді алаң болары сөзсіз. Себебі, жер жүрегінің мәңгі соғуы ортақ келісім һәм берік бірлік арқылы ғана шешілетін мәселе.

Авторлары: Бекзат Аманов, Абдулхамит Бөлекбаев