Шымкентте 500-ге тарта ағаш көшеті қурап кетті
Шымкентте жаңадан егілген жасыл-желек жаппай қурап қалды, деп хабарлайды 24kz.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы өкілдерінің мониторингі кезінде Әл-Фараби атандағы көше бойына егілген 9 мыңнан астам «Шынар ағашының 500-ге жуығы солғын тартып, жапырақтары сарғайғаны анықталды. Сала мамандары санақ толық жүргізілмегенін айтады. Бірақ көшеттердің көктей солуын аптап ыстықпен байланыстырып отыр. Сондықтан оларға күзге дейін арнайы күтім жасалып, қажетті дәрумендер беріледі. Барлық жұмысты мердігер өз жауапкершілігіне алды. Нәтиже болмаса, кепілдік мерзіміне сәйкес орнына жаңа көшеттер егіледі. Биыл қала аумағының 400 мың шаршы метрін көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары қолға алынған.
Жарылқасын Мәшбек, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
- Дәрумендер беріп, басқа да түрлі жағдайлар жасап, ағашты аман алып қалуға жұмыс істейміз. Егер ол болмаған жағдайда егілген ағаштың кепілдік мерзіміне сәйкес міндетті түрде ауыстырылады. Оған мердігер мекеменің де жауапкершілігі көзделген. Жалпы біз басқарма тарапынан санақ жүргізетін боламыз.