Атырау облысында тағы балық қырылып жатыр

Былтырғы тасқын кезінде Махамбет ауданындағы «Сарыөзек» каналы маңындағы жайылмаға мол су бөлініп шыққан, деп хабарлайды 24kz.

Ұзақ уақыт бойы жатқан су борсып, балық шабақтары қырылып қалды. «Жайық-Каспий» бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары балықтарға оттегі жетпегенін анықтады. Өлген балықты 15 адам, 3 автокөлік пен 1 арнайы техника жинап алды. Жауаптылар өңірдегі шабақ құтқару жұмыстарының бақылауда екенін айтады.

Бекзат Сәрсенғали, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің бас маманы:

- Жиналған өлі балықтар жойылатын болады. Ал тірілей құтқарылғандары Жайық өзеніне жіберіледі. Қазіргі уақытта қаңтар айынан бері 2025 жылы 9 млн данаға жуық балық шабақтары құтқарылған және Жайық өзеніне өз тіршілік ортасына жіберілген болатын.