Қазақстан мен Өзбекстан Арал табанына сексеуіл егу бойынша бірлескен жоба әзірлейді
Қазақстан мен Өзбекстан Арал теңізінің табанына сексеуіл егу бойынша бірлескен жоба жасайды. Бұл туралы Қарақалпақстанның Экология министрі Лейли Сеитова мәлім етті. Көрші мемлекеттердің эколог мамандары тәжірибе алмасу бағытында екі жақта атқарылып жатқан жұмыстарды бағамдады. Бірлескен жоба көп ұзамай қолға алынады.
Еске салсақ, Аралдың Өзбекстан аумағында 2 млн гектар алқапқа сексеуіл егілген. Бұл жоба шаң мен сордың көкке көтерілуін 40% тежеген.
Өзбекстан 2030 жылға қарай Арал табанының 78%-ін жасыл желекке айналдыруды көздеп отыр. Экологиясы күрделі аймақта құрғаған теңізден ұшқан тұз құммен араласып, дүлей дауылға айналады. Осыған байланысты Қазақстан мен Өзбекстанда кешенді орман өсіру жобасын қолға алу жоспарланып отыр. Көршіміз бұл істе түрлі тәжірибені сынап көрген.
Лейли Сеитова, Қарақалпақстанның Экология министрі:
- Өзбекстан аумағындағы Арал табанының 2 млн гектарына сексеуіл отырғызылды. Бұл 2018 жылы басталған жоба. Атқарылған жұмыс жақсы нәтиже бере бастады. Алғашқы уақытта сексеуіл жерден көтерілетін 15-18% тұз бен шаңды ұстап қалады деген болжам жасалған. Дегенмен нәтиже алдын ала есептеуден асып түсті. Яғни сексеуіл 35-40%-ке жуық шаң мен сордың көкке көтерілуін тежеп жатыр.
2040 жылға қарай Орталық Азия елдерінде су тапшылығы қазіргіден 3 есеге дейін артып, шығын көлемі жылына 2 млрд долларға барады. БҰҰ сарапшылары мен халықаралық ұйым өкілдері осындай болжам жасады. Мұздақтардан келетін тіршілік нәрінің көлемі жыл сайын азайып барады.
Вадим Соколов, Халықаралық «Аралды құтқару» агенттігі қорының директоры:
- Гидротехникалық қондырғылар әбден ескірген. Мәселен, осыдан 80 жыл бұрын салынған су сорғыш станциясын қалпына келтіруге миллион доллар керек. Қазір су үнемдеуде үлкен шығындар бар. Себебі бұрын салынған каналдардың асты бетондалмаған. Осының барлығын қалпына келтіру үшін шамамен 4,5 млрд доллар керек.
Ала шапанды ағайындар экологиялық аймақта ауылшаруашылық саласын дамытуға күш салып жатыр. Тіпті ара өсіру жайын да қарастырыпты. Айдынды суға толтыру сағымға айналғанымен, бос алқапты кәдеге жаратып, ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік бар.
Авторы: Дулат Нуркин