Маңғыстаудағы туристік нысандарда сенбілік өтті

Маңғыстау облысында туризм нысандары орналасқан аумақтарда тазалыққа бағытталған сенбілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24kz.

Экологиялық шара Түпқараған және Маңғыстау аудандарында өтті. Экобелсенділер мен ерікті жастар Ақтаудан 43 шақырым қашықтықтағы жағажайда жиналып, бей-берекет тасталған тұрмыстық қалдықтарды жинады. Бұл жер жаз мезгілінде демалушылар көп келетін орынға айналады. Алайда табиғат аясында демалып кеткен кейбір тұрғындар қоқысын қалдырып кетуге бейім. Осыған байланысты белсенділер жағажай аумағын тазалап, көпшілікке үлгі көрсетті. Сенбілік түстен кейін Самал шатқалында жалғасын тапты. Аталған жер де бақылаусыз болғандықтан, тазалық деңгейі көңіл көншітпейді. Экобелсенділер демалушыларды табиғатқа ұқыппен қарауға шақырып отыр. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, келесі сенбілік Қарақия ауданында өткізілмек.

Рахима Төлесінова, ерікті:

- Өзім ерікті түрде сенбілікке келдім. Яғни бұл сенбіліктер нені береді, нені үйретеді? Бұл жерде өзіміздің өлкемізді, жерімізді таза ұстауды. Яғни, осындағы барлық қоқыстардан тазалық жұмыстарын жүргіземін. Мен мұндай іс-шараға белсенді түрде ерікті түрде бір емес, бірнеше рет қатысамын. Өзіме қатты ұнайды және де сіздерді шақырамын.