Елде суару жүйелері жаңғыртылып, су шығыны азайып келеді
Елдегі су шығыны жылына 193 млн текше метрге дейін азайды. Бұл – ирригациялық жүйелерді жаңғырту жобасының нәтижесі.
Қазірде ол Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында жүзеге асып жатыр. Жамбыл облысында 10 мың гектар егіс алқабын сумен қамтитын екі нысан пайдалануға берілді. Қызылорда облысында 15 мың гектар жерге арналған нысанда құрылыс жұмыстары аяқталды. Ал ай соңына дейін каналдардың 88%-і, коллекторлардың 80%-і және басқа да гидронысандардың 80%-дан астамы жөнделеді. Жоба толық аяқталғанда суару тиімділігі 70 пайызға артып, су шығыны жылына 360 млн текше метрге дейін азаяды. Су ресурстары және ирригация министрлігі осындай болжам жасап отыр.