Таза бейсенбі: Шымкентте 17 тонна қоқыс шығарылды
Шымкентте «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы аясында көпқабатты тұрғын үйлердің төңірегінде қураған шөптер орылды, деп хабарлайды 24KZ. Экологиялық шараға «AMANAT» партиясының аймақтық филиалы мен оның «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері, коммуналдық қызмет өкілдері мен қала тұрғындары да атсалысты. Олар аумақты қоқыстан тазартып, көгалға күтім жасады. Ирригациялық жүйелерді ашып, аяқжолдарды ретке келтірді.
Жалпы жыл басынан бері 2 мыңнан астам адам осындай игі шараға өз үлесін қосқан. Нәтижесінде 17 тонна қоқыс жиналып, арнайы полигонға шығарылды.
Әбдез Иманқұлов, «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының атқарушы хатшысы:
- Тұрғылықты мекеніңнің таза болғаны – бұл адамның ішкі де, сыртқы да мәдениетінің көрінісі. Істеп жатқан жұмысымыз сол нәтижеге жетті деп ойлаймын. Өйткені қаланың таза болғанын көзімізбен көріп жүрміз. Екіншіден, тұрғындардың сол тазалыққа көбірек қатыса бастағанын байқап отырмыз.