Алматы облысында 52 млн түп ағаш егіледі
Алматы облысында 2027 жылға дейін 23 мың гектар алқапқа 52 млн түп ағаш көшеті егіледі.
Қазір Кеген ауданында орман қорын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жалағаш орманшылығында Шренк шыршасын өсірумен айналысатын мамандандырылған арнайы тәлімбақ бар. Шыршаның бұл түрі Тянь-Шань тауларының қатал табиғатына бейімделген. Орман шаруашылығының қызметкерлері 0,6 гектар жерге тұқым сеуіп, биыл 20 гектар алқапты жасыл желекпен көмкеруді жоспарлап отыр. Жалағаш орманшылығы Шренк шыршасының көшеттерін негізінен Алматы мен Жетісу облыстарына жібереді. Мұндағы мақсат – биологиялық алуантүрлілікті сақтап, көшкін жүру қаупінің алдын алу. Сонымен қатар ел Президентінің мемлекеттік орман қорларында 2 миллиард түп ағаш көшетін егу туралы тапсырмасын орындау.
Қанат Нүсіпбаев, Алматы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы:
- Соған сәйкес, Алматы облысында 2021-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Сол кешенді жоспарға сәйкес, бізде 23 000 гектар жерде 52 млн ағаш өсірілетін болады. Бұл ағаштарды өсіру үшін ең бірінші бізге көшет керек. Сол көшеттерді осы бүгін келіп отырған Жалағаш питомнигінде біз осы жұмыстарды атқарып жатырмыз. Өздеріңіз көргендей тұқымдарды жинап, 4 жылдық стандартты көшетке жеткізіп, содан кейін таулы аймақтарда бұлардың бәрі отырғызылатын болады.