Астанадағы мектеп маңында «ЖасЛандшафт» бағы ашылды
Мектеп ауласындағы жасыл ғажайып. Астанадағы №8 мектеп-лицейінің маңында «ЖасЛандшафт – Табиғатты түлет!» атты экологиялық-шығармашылық ландшафттық бақ ашылды. Мұнда білім ұясының оқушылары «Жасыл әлем» жазғы лагері мен «Жасыл ел» бағдарламасы аясында түрлі көкөністер мен көп жылдық өсімдіктерді отырғызып, аумақты көркейткен.
Елордадағы №8 мектеп-лицейінің ауласы құдды бір бау-бақшаға айналғандай. Бұл табиғатты аялауға, экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған ерекше бастама. Мұнда бүгін «ЖасЛандшафт – Табиғатты түлет!» атты экологиялық-шығармашылық ландшафттық бақ ашылды.
Гүлшат Әбуова, №8 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі:
- Біз осы жобаны 1 жыл бұрын қолға алғанбыз. Сызбасын сызып, жоспар құрып, оқушылармен бірге шеңбер сызып шықтық. Сол шеңберден алынған дөңгелекті бірдей етіп сегізге бөлдік.
Бұл бастама «Жасыл әлем» жазғы лагері мен «Жасыл ел» бағдарламасының аясында жүзеге асырылды. Жобаға 14 пен 16 жас аралығындағы мектеп оқушылары белсенді түрде атсалысып, 1 ай бойы мектеп ауласын көгалдандырумен айналысты.
Медина Сүйіндік, №8 мектеп-лицейінің оқушысы:
- Күн нұрындай шашылып тұрған бақтың дәл ортасына фонтан орнаттық. Бұл фонтан батареялы болғандықтан, күн қуатының көмегімен жұмыс істейді. Бұл фонтан біз үшін табиғатпен үйлесімдікті және тазалық энергиясын білдіреді.
Күнсұлу Молдахметова, №8 мектеп-лицейінің биология пәні мұғалімі:
- Мұндағы ерекшелік – көпжылдық өсімдіктер. Жылда отырғызбаймыз. Жылда олар көбейіп, берген өнімін мектептің жан-жағына отырғызып жатырмыз.
«ЖасЛандшафт» бағы – экологияның, еңбек пен тәрбиенің тоғысқан тұсы. Ол жастарға қоршаған ортаны сүйіп, оны қорғаудың маңызын ұғындырады.
Авторы: Риат Шони