ШҚО-да 265 заңсыз қоқыс полигоны жойылды

Елімізде Президент бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» акциясы аясында 2 млн түп көшет егілді, деп хабарлайды 24KZ. Жалпыұлттық шараға 6 млн адам қатысып, бір млн тонна қоқыс жиналды. Осылайша халық арасында тазалық мәдениеті көтеріліп, қоршаған ортаны ұқыпты ұстау әдеті қалыптасып келеді. Бұл бағытта Шығыс Қазақстан облысында қандай шаруалар атқарылды?

«Таза Қазақстан» акциясына шығысқазақстандықтар да белсенді қатысты. Өңірде әр апта сайын ұйымдастырылған сенбіліктерге 30 мыңнан аса адам атсалысты. «Бұл қоғамның тазалыққа деген көзқарасын өзгертуге мүмкіндік», – дейді «Өскемен тынысы» экобюро жобалық кеңсесінің жетекшісі.   

Елена Березинская-Әбілова, «Өскемен тынысы» экобюро жобалық кеңcесінің жетекшісі:

- «Таза Қазақстан» акциясына көп адам қатысып жатыр. Қоғамда оң көзқарас қалыптасты. Бұрын қоқыстар әр жерде шашылып жатса, қазір ондай жоқ. Тұрғындар тазалыққа мән беретін болды.

Бес саусақ бірдей емес. Қоғамда тазалыққа бейжай қарайтын адамдар да аз емес. Шығыс Қазақстан облысында қоғамдық орында қоқыс қалдырғандарға қатысты 100 млн теңге айыппұл салынған.

Орал Рыспаев, облыстық ПД жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін уақытша атқарушы:

- Өңірде «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы 6 мың рейд ұйымдастырылды. Оның қорытындысы бойынша 13 мың әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді.

Өңірде рейдтер кезінде 280 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны анықталды. Оның 265-і жойылды. Облыс бойынша елді мекендерді көгалдандыру жоспары бекітілген. Биыл ауыл-аймақтарға 100 мыңнан аса ағаш егіледі. Халық арасында «Таза Қазақстан» Telegram-чаты да кеңінен қолданылады.

Рауан Тұрысбек, облыстық ТКШ және энергетика басқармасы басшысының орынбасары:

- Тұрғындар Telegram-чатқа түрлі құқықбұзушылықтарды суретке түсіріп жібереді. Әр шағым бойынша жауапты мемлекеттік орган бекітіліп, тез арада шешім қабылданады. Оның орындалуы қатаң бақылауда болады.

Биыл Telegram-чатқа 220 шағым келіп түскен. Өңірде «Таза Қазақстан» акциясы аясында әр апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылады. Бұл жұмыс алда да жалғаса бермек.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Әнел Есенбердина, Дмитрий Пыхтин