Қостанай облысында 420 мың көшет егілді

Қостанай облысында 420 мың көшет егіліп, 300-ге жуық балалар және спорт алаңдары салынды. Бұл туралы «Таза Қазақстан» бағдарламасының екі жылын қорытындылаған жиында айтылды. Қоршаған ортаны қорғау мен тазалықты сақтау бағытында өңірде атқарылған іс-шаралар аз емес. Алайда кемшіліктер сөз болмай қалған жоқ.

Алдымен жауапты басшылар кезегімен «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыс жайлы есеп берді. Облыста 87 саябақ абаттандырылып, 85 мыңға жуық көпқабатты үй ауласы қалпына келтірілді. Айта берсе, тындырылған шаруа аз емес. Одан кейін экологияға жанашыр жастарға сөз берілді.

Әсет Сүндетбаев, «Эко-сақшы» жобасына қатысушы:

- Шағын және орта бизнес нысандарында экологиялық мониторинг жүргіздік. 100-ден астам дүкен, ас-тағам дайындайтын орындарды тексердік. Нәтижесінде 70-ке жуық санитарлық, эстетикалық талаптарды бұзу жәйтін анықтадық.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Біз сендерге барынша қолдау көрсетеміз. Ұйымдастыру, материалдық жағынан көмектесуге әзірміз. Қоршаған ортаны қорғау, тазалықты сақтау қозғалысына жастарды көбірек тартуымыз керек және кемшіліктер ашық айтылып, кәсіпорын басшыларына жеткізілуі керек.

Облыс әкімі кейбір мекеме, кәсіпорын айналасында жиналмаған күл-қоқыстың суретін үлкен экраннан көрсетіп, басшыларын сынға алды. Құқық қорғау органдарына тиісті шара қолдануды міндетттеді. 

Облыс басшысы ауылдағы үй айналасына гүл егіп, түрлі мүсін жасап, әсемдеген Арсений Бибиктің игі ісін көпшілікке үлгі етіп көрсетті. Жалпы өңірде «тазалық – өмір салтымыз» деп білетін жастар аз емес. 

Ангелина Белоусова, оқушы:

- Патриотизм дегеніміз – Отанды, өз жеріңді, еліңді сүю. Мемлекет басшысы неге «Таза Қазақстан» бағдарламасын жариялады? Әркімнің бірінші кезекте жаны таза болу керек. Жаны таза болса, оның айналасы да таза болады.

Айта кетелік «Таза Қазақстан» бағдарламасы басталғаннан бері екі жылдың ішінде өңірдегі заңсыз қоқыс алаңдарының саны 14 есе азайған.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров