Қазақстан жерасты суы қорларының атлас картасы жасалды

Қазақстан жерасты су қорының гидрогеологиялық атлас картасы жасалды.

Бұл сандық платформа су ресурстарын тиімді басқаруға, әсіресе құрғақшылық жағдайында тұщы судың тапшылығын шешу жөнінде тиісті шешімдер қабылдауға көмектеседі. Атласты Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Алматыдағы Сәтбаев университетінің Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтының ғалымдары жасады. Елде әлі де ауыз су мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Ал, жаңа Атлас жер асты су қорларын дәлірек бағалап, тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Гидрогеологтар трансшекаралық өзендерге де ерекше көңіл бөліп отыр. Оның қатарында Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл сияқты өзендер бар. Жаңа атлас судың химиялық құрамын бағалаудан бастап, экологиялық жағдайына дейін зерделейді.

Ерғали Әуелхан, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор:

- Бүгінгі ұсынылып отырған гидрогеологиялық атлас, карта — Қазақстандағы жерасты суларының қоры, оның таралуы, жерасты суларының кен орындары қай жерде орналасқаны жайлы үлкен ақпараттар берілген. Онда жерасты суларының химиялық, экономикалық жағдайы, ластануы, қалыптасуы, таралуы сияқты ғылыми негізде берілген тұжырымдамалар бар.

Жерасты сулары жөніндегі деректерді жаңарту мен жүйелеу су қауіпсіздігін арттырып, елдегі климаттық өзгерістерге төтеп беруін тұрақтандырады, дейді мамандар. Атласқа кіретін барлық карталар ақпараттық көрсеткіштері, мазмұны және қолданылу бағытына қарай бес топқа біріктірілді. Мұнда жер асты суларының қалыптасуы және пайда болу шарттары туралы нақты мәлімет алуға болады. Одан бөлек, топырақ суларының қалыптасу режимі, жерасты суларының және геологиялық ортаның экологиялық жағдайы ақпараттар сызбада көрсетіледі. 

Гидрогеологиялық атлас карта:

Жерасты суларының қалыптасуы, таралуы және пайда болуы

Топырақ суларының қалыптасу режимі

Жерасты суларының және геологиялық ортаның экологиялық жағдайы

Минералды және термоминералды, жылуэнергетикалық және өндірістік жерасты суларының таралуы

Табиғи ресурстар және жерасты суларымен қамтамасыз етілуі