Қарағандылықтар асфальт-бетон зауытының жұмысына наразы
Қарағандыда саяжай тұрғындары асфальт-бетон зауытының жұмысына наразы. «Өндірістен шығатын шаң ауаны ластап, бау-бақшамыз бүлінді», – дейді олар. Зиянды қалдық топыраққа сіңіп, суға да араласты деп күдіктенеді. Көкөніс пен жеміс-жидекті тұтынуға қорқып отыр. Олардың айтуынша, зауыт экологиялық талапты сақтамайды.
Күйіктің иісі мен шаң-тозаң осы маңдағы 4 бірдей саяжай бірлестігі тұрғындарының берекесін қашырды. Мұнда 500-ден астам саяжай үйі бар. Асфальт-бетон зауыты көктемде жұмысын бастады. «Содан бері аумақтың экологиясы бұзыла бастады», – дейді жұртшылық.
Асфальт-бетон зауыты саяжайдан небәрі 50 метр жерде ғана. Ал жұртшылықтың айтуынша, ол кемі 1 шақырым қашықта болуы тиіс. Зауыттан шыққан шаң бау-бақшаға келіп қонады. Салдарынан жеміс-жидек дұрыс өспей, тіпті оның экологиялық тазалығына көпшіліктің күмәні туындаған.
Лидия Чужинова, қала тұрғыны:
- Бізде көпшілігі зейнеткерлер. Мына саяжайды күнкөріс үшін сатып алдық. Енді бұлай жалғаса берсе, еріксіз тастап кетуге мәжбүрміз. Ештеңе дұрыс өспесе, оны ұстап қажеті не?!
Надежда Кравченко, қала тұрғыны:
- Қолдарында еш рұқсат құжаты жоқ. Тек Экология департаментінен уақытша келісім ғана бар. Зауыт басшыларына тамыздың ортасына дейін уақыт беріпті. Бізді осылай жаз бойы шаң-тозаңның астында қалдырмақ.
Зауыт басшыларының айтуынша, кәсіпорында қалдықты сүзетін қондырғы орнатылған. «Заманауи сүзгілер ауаға шаң жібермейді», – деп отыр.
Карен Ктоян, асфальт-бетон зауытының басшысы:
- Зауытта тым ұсақ шаңды жібермейтін сүзгілермен жабдықталған. Осындай 9 мың сүзгі бар. Тек бу ғана ауаға шығады. Экологтар келіп тексерді. Кәсіпорын жұмысы барлық талапқа сай.
Тұрғындардың шағымынан соң экологтар зауытта тексеру жүргізіп, бір кемшілік анықтаған.
Темірлан Төлеутай, Экология департаментінің мемлекеттік экология инспекторы:
- Зауыт технологиялық талапты толық орындамай отыр. Ол үшін әкімшілік айыппұл салынды. Оны толық төледі. Енді берілген уақыт аралығында қателігін түзетуі керек.
Кәсіпорын жұмысына Санитариялық-эпидемиологиялық департамент өкілдері де тексеріс жүргізді. Зауыт иелерінің санитарлық талапты өрескел бұзғаны анықталды. «Саяжай аумағына тым жақын орналасқан», – дейді мамандар.
Баян Есембаева, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
- Бұл қоршаған ортаға 1-ші санатты қауіп төндіретін өндіріс түрі. Сондықтан кәсіпорын тұрғылықты мекенжайдан кемі 1 шақырым қашықта болуы тиіс. Зауыт иелеріне әкімшілік құқықбұзушылық бойынша қаулы толтырылып, олқылықты түзету жөнінде ескерту берілді. Енді ол талапты берілген мерзімде орындауы тиіс.
Егер кәсіпорын басшылығы қойылған талапты орындамаса, іс сотқа жіберіледі. Сот шешіміміен зауыт жұмысы тоқтатылуы мүмкін.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит