Ақтауды жағымсыз иіс жайлады
Ақтауды жағымсыз иіс жайлады. Тұрғындар көшеде тыныс алудың өзі қиындайтынын айтып шағымдануда.
Қолқаны қабатын иіс әсіресе қаланың жоғары аумағында өткір сезіледі. Көпшілік бұл жағдай бірнеше жылдан бері өзектілігін жоймай келеді деп отыр. Мәселені жергілікті уәкілетті органдар қалай шешпек?
Соңғы күндері Ақтаудан жағымсыз иіс кетпей тұр. Қазір біз 9-шағын ауданда тұрмыз. Көліктер қаланың жоғары бөлігіне көтерілетін аумақта қолқаны қабатын иіс өткір сезіледі. Тұрғындар осы жағдайдың жыл сайын жаз айлары байқалатынын айтып, дабыл қағуда.
Айгүл Абдуллаева, қала тұрғыны:
- Үш ай жазда солтүстік беттен жел соққанда мына жерде демалу мүмкін емес. Осы иістің кесірінен біздің денсаулығымыз құрып жатса, сонда кім жауап береді?
Гүлбану Жолдасова, қала тұрғыны:
- Терезелердің бәрін жауып тастаймыз. Далаға шықсаң иіс. Барлық жер сасып жатады. Сыртқа шықсақ та, балаларды дұрыстап ойната алмаймыз.
Тұрғындар қолқаны қабатын иіс Қошқар ата қалдық қоймасынан келуі мүмкін деп отыр. Расында, жасанды көлге қаладан шығатын кәріз суы құйылады. Құбырдағы ағынды суды тазартатын қос станция шаһардың сыртында орналасқан. Мемлекеттік коммуналдық мекеме өкілі қазір екінші станция жаңғыртылып жатқанын айтып отыр.
Серік Жалғасбай, «Каспий жылу су арнасы» МКК бас инженері:
- Қаланың жоғары аумағынан 16-17 мың текше метр су КОС-2 ге төгіледі. Ол жерде сақталмай, тез арада Қошқар ата көліне төгілуде. Суды бұратын жер тек осы Қошқар ата көлі. Басқа жер жоқ. Тек механикалық өңдеуден өтіп отыр. Толық көлемде тазартылмайды. Келесі айдың соңына дейін реконструкция жұмыстары жасалуда.
Экологтар қаланың аумағында, сондай-ақ Қошқар ата көлі маңында ауа құрамына бақылау жүргізген. Ауадан алынған сынамалар күкіртсутегі мен көміртегі оксиді қалыпты мөлшерден жоғары екенін көрсеткен.
Армат Жүсіпқалиев, Экология департаментінің басшысы:
- Біз хаттама толтырдық. Оның барлығы да жолданды. Енді иістің шығуы өзіңізге белгілі жаздың ыстығына байланысты және Қошқар атаға жиналған судың жиналуы. КОС-2 толықтай іске қосылмай, бұл иістен кішкене бір ауытқулар болады. Ертең күзге қарай ылғал келгеннен кейін, жауын-шашын жауғаннан кейін бұл иіс шықпайды.
«КОС-2» станциясы тәулігіне 30 мың текше метр кәріз суын өңдейді. Оны реконструкциялауға республикалық бюджеттен 11,5 млрд теңге бөлінді. Құрылыс-монтаждауы қыркүйекте аяқталған соң қондырғы 70 мың текше метрге дейін ағынды суды тазартады.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Александр Убейкин