Еріктілер Балқаш көлінің жағалауын қоқыстан тазартты

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Балқаш көлінің жағалауы қоқыстан тазартылып, жастар арасында экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған үгіт-насихат жүргізілді, деп хабарлайды 24kz.

Экологиялық шараға 50-ге жуық ерікті мен «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері жұмылдырылды. Олар демалушылар қалдырған тұрмыстық қалдықтарды жинап, жағалау аумағын ретке келтірді. Сонымен қатар табиғатты қорғау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жастар бұған дейін Балқаш көліне апаратын жол бойын да тазалап, туристік бағыттағы орындарды абаттандыруға атсалысқан. Белсенділер енді Алакөл көлінің жағалауын тазартуды жоспарлап отыр.

Арнай Рақымберліұлы, «Жетісу жастары» КММ директорының орынбасары:

- Жалпы акцияның мақсаты – демалушыларға, жастарға, облыс қонақтарына, экологиялық мәдениетті насихаттау, жүрген жерлерін таза ұстап, артынан қоқыстарын жинап жүруге шақыру. Әр адам өзінің соңынан қоқыстарды жинап жүрсе, табиғатымыз таза, қоршаған ортамыздың да экологиясы жақсы болады деген ойдамыз.