«Таза Қазақстан»: Қостанайда қала көшелері тазартылды
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Amanat» партиясының мүшелері Қостанай көшелерін тазалауға шықты.
Мұндай шараны саяси ұйым мүшелері әр бейсенбі сайын өткізіп тұрады. Белсенділер Тобыл өзенінің жағасын абаттандырды. Қалалық жағажайдан «Шағала» жағалауына дейінгі 20 гектар аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Жыл басынан бері партия мүшелері 600-ге жуық саябақ пен гүлзарды, жолдар мен жаяу жүргіншілерге арналған аймақтарды ретке келтірді.
Алмат Досмұхамедов, "Amanat" партиясы ОФ төрағасы:
- Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» акциясының аясында біз бүгін «Таза бейсенбі» шарасын өткізіп жатырмыз. Өзімізге бекітілген учаскені тазалаймыз. Жыл басынан бері экологиялық акцияларға «Аманат» партиясының 12 мың мүшесі қатысты. 9 мың тонна қоқыс шығарып, 4 мыңға жуық тал ектік.