«Таза Қазақстан» ұлттық идеяға айналды
Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» идеясын бүкілхалықтық қозғалыс деп атады.
Сондықтан оны өте маңызды идеологиялық акция ретінде қарастыруды ұсынды. Президент тазалық сақтаудың мағынасы тереңде жатқанын атап өтіп, оны береке-бірлік пен тәртіптің символы деді.
Қызылорда облысын елдегі ең таза өңірлердің бірі деуге болады. Өңірде экологиялық ахуалды жақсартудың арнайы жоспары қабылданған. Оның аясында апта сайын сенбіліктер өтіп тұрады. Бұл акцияларға жарты миллионнан астам адам қатысып, 22 мың тонна қоқыс жиналды. Ал ластанған аймақтар спутник арқылы анықталады.
Алмас Ысқақов, облыстық экология департаменті төрағасының орынбасары:
- Ғарыш сапарымен меморандумға қол қойылды. Олар мониторинг жүргізеді. Облыс бойынша 113 заңсыз қоқыс алаңдары анықталды. Оларды түгел тазалап шықтық. Сондай-ақ полиция қызметкерлерімен бірлесіп рұқсат етілмеген орындарға қоқыс төгетін көліктерге қарсы рейд жүргіземіз.
Былтыр ел бойынша «Таза Қазақстан» акциясы аясында 800 мың тонна қоқыс жиналды. Игі бастамаға коммуналдық және мемлекеттік мекеме қызметкерлері, белсенділер мен еріктілер қатысты. Жобаға әсіресе волонтерлердің қосқан үлесі орасан зор.
Дарина Киреева, волонтёр:
- Бұл бастама маған ұнады. Ол азаматтарға жаңа мүмкіндік береді. Адамдарға көмектесуге бағытталған көптеген іс-шаралар ұйымдастырыла бастады. жақында Мемлекет басшысымен бірге сенбілікке қатыстым. Өте қызықты өтті. Ағаш ектік. Волонтерлер көп жиналды. Бәріне ұнады деп ойлаймын.
Экологиялық бастама ретінде көтерілген «Таза Қазақстан» акциясы бүгінде елдегі ең басты қоғамдық қозғалыстардың біріне айналды. 2030 жылға дейін арнайы концепция қабылданып, болашақ бағыт айқындалды. Онда тазалық идеясын жастардың бойына сіңіруге баса көңіл бөлінген. Кейінгі бес жылда волонтерлік идеясы бозбалалар мен бойжеткендердің арасында танымал бола бастады. Қазір еріктілер саны 300 мыңға жетті.
Серік Селеубайұлы