Қарағанды облысында өндірістік қалдықтарды цифрлық жүйе қадағалайды

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Қарағанды облысындағы 8 ірі кәсіпорында, өндірістік қалдықтарды нақты уақыт режимінде, бақылауға арналған автоматтандырылған мониторинг жүйесі енгізілді.

Жаңа жүйе экологиялық қауіпсіздікті арттырумен қатар, кәсіпорындардың жұмысындағы ашықтықты қамтамасыз етудің, тиімді құралына айналып отыр. Үздіксіз бақылау арқылы қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін ауытқулар жедел анықталып, оларды жою бойынша тиісті шаралар уақытылы қабылданады. Мамандардың айтуынша, бұл бастама өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға, табиғатты қорғауға, және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға оң әсерін тигізеді.

Қарағандыдағы  №1 ЖЭО-да автоматты мониторинг жүйесі 2024 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Мұндағы қазандық  агрегатының газ жүретін арналарына орнатылған датчиктер өндірістік қалдықтың құрамын үзідіксіз бақылауға мүмкіндік береді. Яғни азот пен көміртек  оксиді, күкірт диоксиді, шаң мөлшері мен олардың ағын жылдамдығы, қысымы және температурасы нақты уақыт режимінде есептеліп, деректер серверге жазылып отырады.

Асқар Мұқаш, электр цехы бастығының бақылау-өлшеу құралдары және автоматика жөніндегі орынбасары:

- Бұрын бізде департаменттің экологиялық мониторингі бізге оборудованиесін қолда ұстап келетін. Сонымен газаходқа барып өлшейтін. Ал қазір осы жүйе арқылы біз күнделікті әрбір секунд сайын көріп отырамыз. Осы автоматтандырылған система біздің Қарағанды ТЭЦ-да екі жерде орналастырылған, бірінші трубада және екінші трубада. 

Экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес, өңірдегі қоршаған ортаға көп мөлшерде өндірістік қалдық шығаратын кәсіпорындарға автоматты мониторинг жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр дейді мамандар. Облыс бойынша 8 кәсіпорынға қарасты 17 нысанда бұл жүйе жұмыс істеп тұр.

Людмила Трушина, экология департаментінің бас маманы:

- Автоматты мониторинг кәсіпорындардың  өндірістік қалдықтарын үзідіксіз бақылауда ұстайды. Бұл зиянды заттар мен улы газдардың құрамына, мөлшеріне қатысты нақты мәлімет алуға мүмкіндік береді. Әр секунд сайынғы мәлімет қоршаған ортаның және табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкіне түсіп отырады. 

Автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізудің мақсаты-кәсіпорындарды экологиялық жаңғырту. Олар нормативтерді бұзған жағдайда жауапкершілікке тартылып, қоршаған ортаға тигізген зардабын жөндеуге міндеттеледі. Мамандардың айтуынша,  бақылау жұмысына осындай жасанды интеллект, цифрлық технологияларды қолданудың тиімділігі зор. Еліміз бойынша қазір  бұл жүйе 87 нысанда орнатылған.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит