Ақтаулық сүңгуір теңізді қоқыстан тазартады
Ақтаулық Қанат Әбдиевтің есімі шаһар тұрғындарына жақсы таныс. Ол Каспий теңізіне қысы-жазы шомылып, көпшілікке салауатты өмір салтын насихаттайды.
Спортшы жігіт суға сүңгіген кезде, теңіз түбіндегі қоқысты алып шығады. Осылайша, күнделікті ағзасын шынықтырып, әрі қоршаған ортаға пайдасын тигізіп жүр.
Соңғы күндері қалада күн райы құбылып тұр. Алайда Қанат Әбдиевке бұл кедергі емес. Теңізге түспес бұрын, жаттығу жасап, денесін қыздырады. Сүңгуір костюмін киген соң жағалауды бойлай жүзіп, су түбінен қоқыс іздейді. Көк айдында өткізген әр күнін видеоға түсіріп, әлеуметтік желде жариялап жүр. Осылайша, экоеріктінің ғаламторда танымалдығы күн санап артып келеді.
Қанат Әбдиев, экоерікті:
- Өзіміздің ішіп отырған ас-суымыздың барлығы Каспиймен келіп тұр. Балығымыз бар. Өзіміздің қоқысымызды өзіміз жеп жатырмыз деген түсінік берейін деген мақсатта салдым. Полиэтилен пакеттің өзі уақыт өтуімен ыдырап, теңіз жәндіктерінің қорегіне айналады. Ол асқазанына түскеннен кейін қорытып үлгермейді. Өзіміз соны жейміз ертеңгі күні, сол үшін тазалық керек.
Әуесқой сүңгуір тазалық шарасын тек қала жағажайында емес, Саура, Голубая бухта секілді демалыс орнында да өткізеді. Бірде ол 1300 метр аумақты жүзіп, бірнеше қапшық қоқыс жинағанын айтады. Әсіресе шомылу маусымы кезінде теңіз түбінен пластик бөтелке, басқа да тұрмыстық қалдық көп шығады екен. Тіпті көлік дөңгелегін де тапқан.
Маңғыстаулықтар апта сайын өтетін сенбілікке белсене қатысады. Жуырда облыс бойынша өткен ауқымды шараға 10 мыңдай адам үлес қосты. Мәселен, Ақтауда «Самал» шағын ауданынан амфитеатр алаңына дейінгі теңіз жағасы күл-қоқыстан тазартылды. Қаланы көгалдандыру жұмыстары бір мезгілде атқарылып, көшелерге 50 түп үйеңкі көшеті егілді.
Нұрбол Әділов, Қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
- Бұл жерге егілген ағаштар арнайы еліміздің оңтүстік өңірлерінен әкелінген. Ұзындығы 2,5-3 метрге жуық ағаштар. Осы көктемгі ағаш отырғызу маусымында қала аумағына 2,5 мыңға жуық ағаш отырғызылады деп жоспарлануда. Осы кезге дейін қазіргі 400-дей ағаш егілді.
Сенбілік кезінде жағажайдағы ойын-сауық, кәсіпкерлік нысандардың аумағы абаттандырылып, қоғамдық орынға бей-берекет тасталған тұрмыстық қатты қалдықтар жиналды. Сондай-ақ теңіз жағалауындағы қураған қамыс шабылды. Мамандар олардан қоршау жасап, елді мекендерде құм тоқтату жұмыстарына қолдануды көздеп отыр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев