Оңтүстікті мекендейтін құстар солтүстікке ығысып жатыр

Жер аяғы кеңіді.

Құс атаулы жазғы мекеніне оралды. Дегенмен, жердегі адам тәрізді көктегі қанаттылардың да өмірі дүрбелеңге толы. Оңтүстікті мекендейтін құс солтүстікке ығысып жатыр. Бұған ормандардың сиреуі, ауыл шарауашылғы алқаптарының ұлғаюы себеп.

Былтыр жаһандағы қанаттылардың 12 мыңға тарта түрінің 11 пайызы жойылу алдында тұрғаны анықталған. Әсіресе Батыс Африка, Орталық Америка және Мадагаскардағы ахуал мүшкіл.

Ал біздің елде құстың 520 түрі бар. Оның 400-і байтақ даланы тұрақты мекендейді.

Нарқыз Мұхмет үш жылдан бері Астанадағы құстар санағын жүргізуге жәрдемдесіп келеді. Хоббиі өмір салтына айналған. Еріктілер айына 2 рет қанаттылардың шоғырын бақылайды. Сосын таңдалған орында әр 5 минут сайын кездескен құстар саны мен түрін тіркеп отырады.

Нарқыз Мұхмет, эколог:

- 5 минутта, мысалы,қандай ландшафтта? Ол жасыл зона ма? Үйдің ауласы ма, әлде жолдың бойы ма? Соларды қарастырамыз? Неге 5 минут? Қалаларда көбінесе 5 минут сайын ландшафт өзгеріп отырады.

Әмір Кәрімбай, волонтёр:

- Аумақты таңдап, сол жерде учет жасаймыз. Минимум бір-екі сағат өткіземіз. Сосын үйге келіп, фотолар болса, фотоларды қараймыз. Сосын определение жасаймыз. И жинаған ақпаратты енгіземіз. 

Әуесқой орнитологтардың есебінше, Астананы 90-ға жуық құс түрі мекендейді. Бұл көрсеткіш жыл аралатып өзгеріп тұруы да мүмкін.

Нарқыз Мұхмет, эколог:

- Құстарды қарайтын, тіркеулер жүргізетін өте керемет, қолайлы уақыт. Қазір көктемгі көші-қон басталды Қазақстанда. Үлкен құстар жолының үшеуі Қазақстан бойынша өтеді. Астананың қасынан, Қорғалжын жақтан өтеді. Құстардың келіп жатқанын айтамыз. Құстарды зерттеу арқылы табиғаттағы өзгерістер, күннің жылуы, жаһанның жылуын байқаймыз. Себебі олардың ұшып келуі қалай болды және оларға күрт сууы қалай әсер етеді деген сияқты бақылаулар өте қызықты.

Құстар солтүстікке ығыса бастады

Иә, құстардың тіршілік ортасы өзгеріп жатыр. Бірі оңтүстіктен солтүстікке немесе теріскейге ығысса, енді бірі алып мегаполистерді паналайды. Мұның бір себебі - сол жаһандық жылудың әсері болуы мүмкін.

Сергей Скляренко, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры:

- Қалалар мен елдімекендердің дамуы құс популяциясына қатты әсер етпейді. Бірақ олар табиғи ландшафтқа тәуелді. Сол себепті мұны бұзу құстарға қолайсыз болары анық. Бірақ аумағымыз үлкен болғандықтан, ол аса сезілмейді. Жалпы құстарға азық керек, ұя салатын орын және қауіпсіздік керек. Бірақ Алматыны мысалға алсам, құрылыс қарқын алғалы қаладағы құстардың кей түрі қысқарғанын байқадық. Бұған жасыл алқаптардың азаюы да әсер етті.

Елордада құлақты жапалақ көбейді

Ал Астанадағы жағдай басқаша. Бұған қала іргесіндегі жасыл желектің ұлғаюы себеп немесе жем табу да оңай болса керек.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Кейінгі жылда Елордадан осындай құлақты жапалақтарды көптеп кездестіруге болады. Мамандар жасыл алқаптардың көбеюі бұл құстарға тиімді орта болып тұрғанын айтады. Ұзындығы 40 см-ге жетпейді, ал қанатын жайған кезде 90 см-ге барады екен. Негізінен жыртқыш құс саналады.  Оларды көру үшін елордадағы барлық саябаққа барсаңыз жеткілікті.

Еліміздің бас орнитологы Руслан Уразалиев Астанадағы құстар саны 170-тен асуы мүмкін дейді. Өйткені мұнда құстар фаунасына қолайлы аумақ көп. Бұған Талдыкөлдің өзін мысал етуге болады. Өкінішке қарай, білікті орнитолог жетіспейді. Есесіне "еріктілердің еңбегі санақты уақытылы әрі сапалы жүргізуге сеп" дейді мамандар.

Мерей Мұратханқызы, Ақылбек Есімсейіт