Ақмола облысында Шағалалы су қоймасының жағасы қоқыстан тазартылды

Ақмола облысындағы Шағалалы су қоймасының жағасы күл-қоқыстан тазартылды.

Мамандар арнайы қайықпен балық аулауға тыйым салынған торларды іздеп тауып, сыртқа шығарды. Тұрмыстық қалдықтарды жинауға 100-ге тарта адам атсалысты. Игі шара «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды. 

Шағалалы су қоймасы облыс орталығының дәл іргесінде орналасқан. Аумағы 439 гектарды құрайды. Жазғы уақытта мұнда демалушылар көп келеді. Балық аулап тынығуға болғанымен суға түсуге тыйым салынған. 

Нұрлан Төлеген, облыстық балық инспекциясының бөлім басшысы:

- Шағалалы су қоймасы стратегиялық маңызды нысан болып есептеледі. Өйткені Көкшетау қаласының тұрғындары тіршілік нәрін осы жерден тұтынады. Сондықтан су айдынының тазалығана баса көңіл бөлінген. Көбінесе осындай экологиялық шараларды осы жерде өткіземіз.

Экологиялық акцияда еріктілер де ерекше белсенділік танытты. Олар су қоймасының жағасынан 3 текше метрге жуық қоқыс жинады. Жастар қоршаған ортаны күтіп ұстаудың және экошараның маңыздылығын жақсы түсінеді.

Дидар Хамзин, волонтерлерді қолдау орталығының жетекшісі:

- Бұл жердегі ең бірінші мақсатымыз өзіміздің туып-өскен өлкемізді, қаламызды әр уақытта таза ұстау болып табылады. Бұл аталмыш акцияға бізде Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орындары мен орта арнайы оқу орындарының студенттері және де волонтерлер, белсенділердің қатысуымен өткізіліп жатыр. Алдағы уақытта да осындай экологиялық акцияларды жалғастыра отырып, жалпы өзіміздің өңіріміздегі барлық қоқысты тазалауға жоспарлап отырмыз. 

Шаймұрат Шаймерденов, қорықшы:

 - Бұл шара жастардың тазалық мәдениетін қалыптастырып, тәртіптікке үйретеді. Өйткені осы су айдынына көбінесе жастар келіп демалады. Біз күн сайын су айдынының маңайын тексеріп, күл-қоқыстан тазартып тұрамыз. Табиғатты аялау ол баршамызға ортақ міндет екенін ұмытпауымыз керек. 

Қазір өңірде 517 су айдыны бар. Жыл басынан бері оның 200-ге жуығы тазартылып, 20 текше мертден астам қоқыс шығарылған. Мамандар алдағы уақытта қалған су айдындарының жағасын ретке келтіріліп, күл-қоқыстан тазартуды көздейді. Әсіресе адамдар көп жүретін туристік аймақтардағы су айдындарына басымдық берілмек. 

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко