Қазақстан ғалымдары қуаңшылыққа қарсы гидрогель ойлап тапты

Шымкенттік ғалымдар құрғақшылыққа қарсы экологиялық таза гидрогель ойлап тапты.

Мұхтар Әуезов атындағы зерттеу университеті мамандарының мақта қалдықтарынан әзірлеген бірегей өнімі топыраққа тыңайтқыш секілді себіледі. Ол ылғалды бойына жинап, ұзақ уақыт сақтау мүмкіндігіне ие, дейді ғалымдар. Нәтижесінде құрғақшылық басталған өліара шақта өсімдік тамырын сумен қамтамасыз етіп, қураудан сақтайды. 

Университет зертханасының меңгерушісі Әбдуғани Әзімовтің айтуынша, гидрогель деп аталатынын табиғи таза өнім тыңайтқыш сынды топыраққа себіледі. Оның құрамында су бар. Ылғалды сақтап, қуаншылықтың алдын алады. Мысалы, құрғақшылық кезінде өсіп тұрған дақылдың тамыры ылғал іздейді. Сол кезде өсімдіктің тамыры гидрогельден өзіне қажетті ылғалды алып, өсуін жалғастырады. Ғалымдар инновациялық өнім оңтүстіктегі шаруашылықтарда сынақтан өтіп жатқанын айтады. Сәтін салса, су тапшы аймақтарда тіршілік нәрін айтарлықтай үнемдейді. 

Әбдуғани Әзімов, М. Әуезов атындағы зерттеу университетінің зертхана меңгерушісі:

- Қазығұрт ауданында жұмыс істеп жатырмыз бұл бойынша ауыл шаруашығы қожалықтармен. Шәуілдір ауданында жасадық, Бәйдібек ауданында жасадық, ШҚО жерлерін көріп, сынақтар жүргізіп жатқан жайымыз бар. Гидрогель ішіндегі суды алғанның есебінен уже 20% көбейіп жатыр жүгерінің өсімділігі. 

Соңғы жылдары жаңбырдың аз болуы оңтүстік өңірлерде су тапшылығын туғызып, шаруаларды қуаңшылық қыспаққа ала бастады. Жердің мелиоративтік жағдайына мониторинг жүргізген мамандар 7 ауданда 14 мың гектардан астам жердің тұзданғанын анықтады. Ал жерасты суының көтерілуінен 200 мың гектар жер сорланған. Бұған тік дренажды ұңғымалардың істен шығуы мен қашытқылардың бітеліп қалуы, егістік жерді терең қопсыту мен күрделі тегістеу жұмыстарының жүргізілмеуі себеп, дейді мамандар. 

Сейітжан Әзбергенов, ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Шешудің жолдары қазір Шардара, Сауран, Жетісай аудандарында тік дренажды ұңғымаларды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы облыс бойынша 1,5 мыңға жуық ұңғыма бар. Соңғы 5 жылда оның 250-і іске қосылды. Бүгінгі күні 273-іне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қалған мыңға жуығы 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосылатын болады. 

Бұдан бөлек мамандар құрғақшылықтың алдын алу мақсатында шөлейтті аймақтарға су үнемдеу технологиясын енгізуді мықтап қолға алғанын айтады. Сол арқылы суды аз қажет ететін дақыл түрлеріне басымдық берілген. Одан бөлек, қуаңшылық қыспаққа алған құмдауыт, сортаң жерлерге жасанды жаңбыр жаудыру технологиясы қолданылуда. Осы күнге дейін Созақ, Отырар, Арыс аудандарында 10-ға жуық әуеге ұшу жүзеге асырылған.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш