Түркістанда БАҚ қызметкерлері «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосты

Түркістандық бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосты.

Журналистер орманшылармен бірлесіп, Сырдария өзенінің жағасында тазалық жұмыстарын жүргізді. Оған 100-ге жуық адам қатысты. Олар демалушыларға қоқыс шашпай, жинастырып кету жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 

Сырдария өзенінің жағасы қалың тоғай болғандықтан мұнда демалушылар көп келеді. Әсіресе сенбі, жексенбі күндері қаланың ыстығынан бой тасалағандар осында жиналады. Балық аулап, бой сергітеді. Бірақ  орманшылар демалуға келгендердің көпшілігі тазалыққа аса мән бермейтінін айтады.

Едіге Сыздықов, "СЫРДАРИЯ-Түркістан" МӨТП инспекторы:

- Келуші, демалуышларға айтарым, өзен жағасына келген кезде бірінші тазалық, одан кейін суға түсуге тыйым салынған. От жақпау керек. Қоқыстарыңызды өздеріңізбен алып кеткен дұрыс. Біз әр келген демалушыларды, түнде кіріп шығатындар болады, солардың артын тазалап, сенбілік өткіземіз. 

Төребек Байтасов, журналист:

- Дарияның бойындағы қоқыстар тазартылды. Жақсы бір шара өтті деп ойлаймыз. Келген қонақтарға да, демалушыларға да ескерту айтылды. Демалған жерді ластаған жақсылық емес. Барған жерді таза ұстаған мәдениеттілік, адамдыққа да сай деп білеміз.  

"Таза Қазақстан" экологиялық акциясы Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйытқы болуымен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылды.

Мұхтар Төлепов, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары:

- Жалпы парктің барлық орманшылары тұрақты түрде өздерінің аумақтарында тазалық жұмыстарын жүргізіп отырады. Ал бүгінгі шараға 20-дан аса БАҚ өкілдері акцияға қатысып отыр. "Сырдария-Түркстан" табиғи паркінің аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, "Таза Қазақстан" акциясында өздерінің үлесін қосты. 

Экологиялық акцияда белсенділер 300 қаптан астам қоқыс жинады. Қалдықтарды арнайы көліктерге артып, қоқыс полигонына жеткізді. Айта кетейік, биыл облыста «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асырудың жан-жақты кешенді жоспары бекітілді.

 Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш