Тақыр даладан орманға дейін: Астана күніне орай бас агроном Ардақ Хасеновпен сұхбат

Фото: жеке мұрағатынан

Кезінде жел ұйытқыған тақыр  дала бүгінде миллиондаған ағаш жайқалған орманға айналды. Бұл – кездейсоқ болған өзгеріс емес, ондаған жылға созылған ғылыми ізденіс пен үздіксіз еңбектің нәтижесі. Астана күні қарсаңында елорданың орман-парктік аймағы қалай қалыптасты, бүгінде қанша ағаш өсіп тұр, жасыл белдеу шынымен қаланың климатына әсер ете алды ма деген сауалдарды «Астана орманы» ЖШС-нің бас агрономы Ардақ Хасеновке қойдық.

– Ардақ мырза, бүгінде Астананың жасыл белдеуін елорданың басты жетістіктерінің бірі деп айтамыз. Бірақ осыдан отыз жыл бұрын мұнда орман болған жоқ. Барлығы неден басталды?

– Расында, қазіргі көрініске қарап, кезінде мұнда бірде-бір ағаш болмағанына сену қиын. Астана құрғақ дала аймағында орналасқан. Қысы қатал, жазы ыстық, желі күшті. Оның үстіне топырақтың жартысынан астамы сортаң және тұзданған. Орман өсіру үшін ең күрделі өңірлердің бірі деуге болады.

Дегенмен, 1996 жылы Қазақстан Республикасының астанасын көшіру жөніндегі Мемлекеттік комиссия елорда маңында жасыл белдеу қалыптастыру туралы тарихи шешім қабылдады. Ал алғашқы көшеттер 1997 жылы отырғызылды.

– Алғаш отырғызылған ағаштар бүгінде қандай күйде?

– Алғашқы ағаштар Павлодар бағытына, Астрахан тасжолы бойына және Талдыкөл маңына отырғызылды. Қазір сол ағаштардың биіктігі орта есеппен 8–13 метрге жетті. Бұталар да 1,5–3 метрге дейін өсті. Ең бастысы – олар жайқалып өсіп тұр.

Бұл – біздің климатта орман өсіруге болатынын дәлелдеген нақты нәтиже.

– Орман бірден тұтас егілген жоқ. Мұның себебі неде?

– Себебі жердің табиғи ерекшелігі. Топырақ өте ала-құла. Бір жерде ағаш жақсы өссе, бірнеше метрден кейін сортаң жер басталады.

Сондықтан алғашқы кезеңде кулисалық әдіс қолданылды. Яғни ені 20–24 метр болатын орман жолақтары отырғызылып, араларында дәл сондай ашық алаңдар қалдырылды. Кейін ағаштардың жерсінуіне қарай сол аралықтар кезең-кезеңімен толықтырылды.

– Қазір жасыл белдеудің көлемі қандай?

– Бүгінде орман-парктік аймақтың жалпы аумағы 14 827 гектарды құрайды. Оның ішінде 11 502 гектары орман екпелерімен қамтылған.

Қазір мұнда 9,6 миллионнан астам ағаш және 1,8 миллионға жуық бұта өседі. Орманда ағаштар мен бұталардың 36 түрі бар.

 – Көпшілік «Астанаға кез келген ағашты отырғызуға болады» деп ойлайды. Шын мәнінде солай ма?

– Жоқ. Әр ағаш түрі бірнеше жыл бойы ғылыми сынақтан өтеді.

Біз Қазақ ғылыми-зерттеу орман шаруашылығы институтының мамандарымен бірге тәжірибелік учаскелерде зерттеу жүргіземіз. Үш жылға жуық уақыт ішінде ағаштардың аязға, қуаңшылыққа, көктемгі және күзгі қатқақтарға төзімділігі тексеріледі.

Осы сынақтардан өткен түрлер ғана отырғызу жобасына енгізіледі. Сондықтан бүгін жасыл белдеуде өсіп тұрған әр ағаштың артында ғылыми жұмыс тұр.

– Соңғы жылдары жұртшылық «Астананың климаты өзгеріп келеді» деген пікірді жиі айтады. Бұған жасыл белдеудің әсері бар ма?

– Орманның жергілікті климатқа әсер ететіні ғылымда дәлелденген. Ағаштар желдің жылдамдығын бәсеңдетеді, қарды ұстап қалады, топырақтағы ылғалды сақтайды.

«Қазгидромет» деректеріне сәйкес, бұрын жылына шамамен 15 рет тіркелетін шаңды дауылдар бүгінде бес жағдайға дейін азайған. Боранды күндердің саны 38 күннен 22 күнге қысқарған. Сонымен қатар жауын-шашын мөлшері біртіндеп артып келеді.

Әрине, бұған жаһандық климаттық өзгерістер де әсер етеді. Бірақ жасыл белдеудің елорданың микроклиматына оң ықпал етіп отырғанын байқауға болады.

– Орман тек ағаштардан тұрмайды. Мұнда жануарлар дүниесін дамытуға да көңіл бөлінеді емес пе?

– Әрине. Толыққанды орман экожүйесі жануарлар дүниесінсіз қалыптаспайды.

2010–2018 жылдары табиғи ортаға 9 823 қырғауыл жіберілді. Кейін арнайы қырғауыл өсіру кешені салынды. 2021 жылдан бері Жетісу қырғауылын көбейту жұмыстары жалғасып келеді. Соңғы төрт жылда табиғатқа тағы 6 550 қырғауыл жіберілді. Алдағы уақытта жыл сайын шамамен 1 800 құсты орманға жіберуді жоспарлап отырмыз.

– Бүгінде жасыл белдеу демалыс орнына да айналып келеді...

– Иә. Біздің міндетіміз – орманды қорғап қана қоймай, халықтың табиғат аясында демалуына жағдай жасау.

Қазір орман ішінде велосипед жолдары, демалыс орындары, атпен серуендеуге арналған бағыттар жұмыс істейді. Қала әкімдігінің қолдауымен жаңа жаяу жүргіншілер жолдары, кросс-трек, велосипедті жалға беру пункттері, балалар және спорт алаңдары салынуда.

Біз елордалықтар үшін орманды экологиялық әрі қауіпсіз демалыс орнына айналдыруды мақсат етіп отырмыз.

– Былтыр  жасыл белдеуге қатысты заңнамада маңызды өзгерістер енгізілді. Оның мәні неде?

– 2025 жылы «Астананың мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, санитарлық-қорғау жасыл аймағына ерекше мәртебе берілді. Енді ол ресми түрде елорданың орман-парктік аймағы деп аталады. Астана қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 29 тамыздағы қаулысымен мұндай заңды тұлға ретінде «Астана орманы» ЖШС белгіленді.

Бұл шешім жасыл белдеуді сақтау мен дамыту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік береді.

– Астана күні қарсаңында елорда тұрғындарына қандай тілегіңіз бар?

– Астана – тек сәулетті ғимараттар ғана емес. Оның тынысын ашып тұрған табиғаты да бар. Бүгін біз кезінде жалаңаш жатқан даланың орнында миллиондаған ағаш өсіп тұрғанын көріп отырмыз. Бұл – көптеген маманның ұзақ жылғы еңбегінің жемісі.

Сондықтан Астана күні қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтарын орман-парктік аймаққа келіп, табиғат аясында демалып, осы ерекше жобаның нәтижесін өз көздерімен көруге шақырамын. Табиғатты аялап, оны бірге қорғасақ, жасыл белдеу келер ұрпаққа да қызмет ете береді.

 «24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз