ШҚО-да өрт қаупі кезеңі жарияланды

Шығыс Қазақстан облысында аптап ыстыққа байланысты өрт қаупі кезеңі жарияланды.

Өңірде екі апта бойы бір тамшы жаңбыр жаумаған. Осы күндері сынап бағанасы 35-37 градусты көрсетіп, Өскемен маңайында құрғақ шөп тез тұтанып жатыр. Осыған байланысты құтқарушылар рейд шараларына шықты. 

Бұл аптап ыстықтың салдары. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар таулы аймақтарға жиі шығып, жалын шарпыған төбелерді сөндіруге мәжбүр. Бұдан бөлек өрт ошақтары үйлерге жақын аумақтарда тіркеледі. Саяжай иелері қураған шөпті уақытылы шаппайды, қоршау сыртында тұрмыстық қалдықты үйіп қояды.

Ержан Мұхамадиев, Өскемен қаласы әкімдігі №4 аумақтық басқару орталығының басшысы:

- Тұрғындардың дені өрт қауіпсіздігіне салғырт қарайды. Кейбір саяжайлардың маңы құрғақ шөпке толып кеткен. Оны дер кезінде қырқып, тазаламайды. Ал оған шоқ тисе лап ете түседі.  

Осыған байланысты өңірде 48 мобильді топ құрылды. Құтқарушылар мен еріктілер тұрғын үй секторын және өрт шығу қаупі жоғары аумақтарды аралап жүр.

- Өрт қауіпі талаптарын бұзсаңыз әкімшілік құқық бузушылық бойынша салынды 336 бап бойынша. 

Осы күнге дейін мамандар 620 рейд өткізді. Ережені ескермей, өз бетінше құрғақ шөп өртегендер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тілек Манарұлы, ТЖД басқармасының аға инженері:

- Сондай ақ құрғақ шөпті заңсыз өртеу фактілерінің жолын кесіп анықтадық.174 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шығыс Қазақстан ТЖД азаматтардан өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұрайды. 

Туристік нысандар да ерекше бақылауға алынған. Аптап ыстық пен қуаңшылық жағдайында кез келген ұшқын алапат өртке ұласуы мүмкін. Сол себепті орманшылар мен Төтенше жағдайлар департаментінің жедел топтары орман алқаптарын тұрақты патрульдеп, аумақты дрон аппараттары арқылы бақылауда. Жалпы өңірде сәуір айының басынан бері 29 орман өрті сөндірілді.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин