«Семей орманы» табиғи резерватындағы өрттің беті қайтты
«Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы өрттің беті қайтты.
Құтқарушылар ашық жалынды оқшаулағанымен, түтіннің жеке ошақтарын сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Олар тәулік бойы кезекшілік атқарып, тілсіз жаудың қайта тұтануына жол бермеуге күш салуда.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Өртті сөндіруге Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының, сондай-ақ Астана қаласының төтенше жағдайлар қызметтері жұмылдырылды. Оларға әскери бөлімдердің жеке құрамы қосылды. Жалпы 800-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Тілсіз жаудың жақын маңдағы елді мекендерге таралу қаупі жоқ. Кеше басталған өрт шамамен 370 гектар аумақты шарпыған.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Кешегі өртті осы біздің жұмылып жұмыс жасағанымыздың арқасында көптеген министрліктердің өртті өршіктірмей сөндіріп алдық десек болады. Көметінін көміп, сумен сөндіретінін сөндірмесек ол шоқ ертең кішкене жел болып тұр кері қайта өрт болып жалындап кетуі мүмкін. Сол себептен бықсыған әр нүктенің бәрін жою қажет.
Мұхит Рамазанов, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:
- Одан бөлек 176 техника жұмылдырылды өртті сөндіруге. Одан бөлек 7 тікұшақ жұмылдырылды әуеден сөндіруге. Енді өздеріңіз көріп жатырсыздар, кеше өрт басталғалы бері бір суткадай жұмыс тоқтаусыз істеліп жатыр, өрт сөндіру жұмыстары.
Әуе қорғанысы күштерінің экипаждары өрт ошақтарына 219 мәрте ұшып, жалпы көлемі 474 тонна су төкті. Әуеден жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өрттің таралуы тежеліп, жердегі бөлімшелерге жалынды оқшаулауға мүмкіндік берілді. Министрліктің мәліметінше, өрт ошағындағы жағдай тұрақты бақылауда.
Рүстем Қайратұлы