Демалыс күндері Қазақстанның ірі қалаларында ауа райы қандай болады?
25-27 шілде аралығында еліміздің үш мегаполисінде ауа райы құбылмалы болады. Астанада найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін болса, Алматыда қысқа мерзімді жаңбыр күтіледі. Ал Шымкентте аптап ыстық сақталады, деп хабарлайды «24KZ».
Астанада 25 шілдеде құбылмалы бұлтты ауа райы болжанады. Қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз бұршақ түсуі ықтимал. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы күндіз +27…+29 градус болады. 26-27 шілдеде жауын-шашынсыз, күндіз +28…+32 градусқа дейін жылиды.
Алматыда 25 және 26 шілдеде күндіз қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Ауа температурасы күндіз +30…+32 градус шамасында сақталады. 27 шілдеде жауын-шашын тоқтап, күн +31…+33 градусқа дейін ысиды.
Шымкентте алдағы үш күнде жауын-шашын болмайды. 25 шілдеде күндіз +34…+36 градус болса, 26 шілдеде +36…+38 градусқа дейін көтеріледі. 27 шілдеде синоптиктер +38…+40 градусқа дейін жететін қатты ыстық болады деп болжап отыр. Желдің екпіні күндіз секундына 15-20 метрге дейін күшеюі мүмкін.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз