Қазақстанда ауа райы күрт бұзылып, қар жаууы мүмкін

depositphotos.com

Қазгидрометтің дерегі бойынша, 26, 27 және 28 қыркүйек күндері Қазақстанда ауа райы күрт өзгереді.. Республика аумағында айтарлықтай суық түсіп, кейбір өңірлерде термометр бағаны нөлден төмен түседі, деп хабарлайды «24KZ».

Елдің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы орнағанымен, жекелеген аймақтарда найзағай ойнап, жаңбыр жауады, ал таулы өңірлерде қар жаууы ықтимал.

Қазақстанның көп бөлігінде ауа райын солтүстік-батыс антициклон қалыптастырады. Ол құрғақ әрі салқын ауа ағынын ала келеді.

Елдің солтүстігі мен шығысында ауа температурасы түнде 1–3 градусқа дейін төмендейді. 27–28 қыркүйекте мұндай үсіктер республиканың солтүстік-батысы мен орталық бөлігінде де байқалады. Түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі деп күтілуде.

Қазақстанның шығысында, орталығында, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты найзағай мен жаңбыр болжанады. Алматы облысының таулы аудандарында түнде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түсуі ықтимал.

Бүкіл болжам кезеңі бойы республиканың батысында, солтүстік-батысында және оңтүстік-батысында жауын-шашын күтілмейді. Сондай-ақ 27–28 қыркүйекте құрғақ ауа райы елдің солтүстігі мен шығысына да таралады.

Қазан айының басында бірқатар өңірде әлі де салыстырмалы түрде жылы ауа райы сақталады. Өңірлер бойынша ауа райы әртүрлі болады: кей жерлерде жылы күндер ұзаққа созылса, басқаларында суық түсіп, жаңбыр мен су қар жаууы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз: