Қазақстанда қазан-қараша айлары жылы болады
Қазақстанның басым бөлігінде қазан және қараша айларында ауа температурасы климаттық нормадан 1-2°С жоғары болады деп болжанып отыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.
Қазан айында еліміздің көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жақын болады. Батыс пен солтүстік-батыста жауын-шашын нормадан көп, ал оңтүстік, оңтүстік-шығыс, орталық облыстардың оңтүстігі мен Абай облысының жазық бөлігінде нормадан аз түсуі мүмкін.
Қарашада жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде норма шегінде болады деп күтіледі. Ал Солтүстік Қазақстан облысында, сондай-ақ Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарының солтүстік бөліктерінде жауын-шашын нормадан көп болуы ықтимал.
Министрдің айтуынша, «Қазгидромет» болжамдарының дәлдігін арттыру үшін жыл басынан бері жасанды интеллект элементтері бар WRF цифрлық моделі қолданылып келеді.
Бұл – ауа райын болжаудың сандық моделі, ол 2 және 6 шақырым кеңістіктік ауқымды қамти отырып, 48 сағатқа және 10 тәулікке дейін болжай алады. Аталған технологияларды қолдану агрометеорологиялық және гидрологиялық болжамдарды, сондай-ақ дауылды ескертулерді қоса алғанда, болжамдардың дәлдігін арттыруға және мемлекеттік органдарды, ұйымдарды және жалпы халықты уақтылы хабардар етуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті министр.