Маңғыстаудағы «Қызылсай» табиғи паркі дронмен бақыланады
Маңғыстау облысындағы «Қызылсай» өңірлік табиғи паркі дрон арқылы бақыланады.
Бұл парк аумағындағы қауіпсіздікті күшейтуге оң ықпал етпек. Соңғы уақытта табиғаты көркем мекенге саяхаттап келушілердің де саны артқан. Заманауи құрылғы арқылы мамандар табиғи аумақтағы жағдайды әуеден бақылап, заңсыз әрекеттердің алдын алады.
Талғат Исламұлы, тілші:
- «Қызылсай» өңірлік табиғи паркінің жалпы аумағы 370 мың гектар. Мұнда Үстірт арқары, алабарыс, қарақал, ителгі секілді Қазақстанның қызыл кітабына енген аң-құстар мекендейді. Мемлекеттік инспекторлар 3 бақылау орнында үш ауысым бойынша қызмет атқарады.
Табиғи парк қауіпсіздігін бақылау орнының бірі Бозжыра шатқалында. Туристер жиі келетін көрікті мекенге фото-бейнетіркегіш құрылғылар қойылған. Соның арқасында инспекторлар биыл көктемгі санақ кезінде 1500-ден астам Үстірт арқары мен 200-дей қарақұйрықты санапты. Ал былтыр алдыңғы азиялық қабыланның жем іздеген сәті камераға түсіп қалған.
Қызылсай паркінің құрамына «Тасорпа», «Манашы», «Жабайұшқан», «Адамтас» деп аталатын мемлекеттік табиғи қаумалдары да кіреді. Осы аумақта кездесетін аң-құстың тыныштығын қорғау әрі туристердің далаға қоқыс тастауына жол бермеу мақсатында дрон қолданылады. Шатқал етегіне түнеуге аялдайтындарға экологиялық заң талаптары түсіндіріледі. Біз тілдескен Алекс Вайдес пен Изабелла Табаччи өңірдің табиғаты сұлу жерлерін фотоға түсіруге келіпті.
Алекс Вайдес турист / Италия /:
- Ақтау әуежайына түсе сала жүрдек көлік жалдап, осынау табиғаты ерекше сұлу мекенге жеттік. Әріптесім Изабелла да, мен де Еуропаның жетекші басылымдарында фототілші болып жасаймыз. Мақсатымыз - Қазақстанға саяхаттаудың қаншалықты қолайлы, ең бастысы қауіпсіз екенін әлемге жариялау.
Изабелла Табаччи Турист / Италия /:
- Бізге Бозжыраның іргесіндегі Боқты тауы саяхатшылардың сүйікті орындарының бірі екені айтылды. Енді міне өз көзімізбен көріп, сырт келбетіне тамсанып тұрмыз. Бұл таудың бейнесі Қазақстанның 1000 теңгелік банкнотында бейнеленгенін көріп, тіптен таңқалдық.
Саламат Қанбаев, «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің бөлім басшысы:
- Былтыр 7 мың жарымға жуық турист келген болатын. Қазіргі таңда 2026 жылдың 9 айлық есеп көрсеткішінде 7 мыңнан асып тұр. Осы аумаққа келгенде табиғи ландшафтар дейміз ғой. Тау-тасты бүлдірмеуге, маршруттан тыс жерлерге жүрмеуге, от жақпауға, қоқыс тастамауға деген сияқты ескерту жұмыстары жүргізіледі. Инспекторлар тарапынан түсіндірме жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады.
Туристердің әсіресе жаз мезгілінде табиғат аясында бірнеше тәулікке дейін түнейтін жағдайлары жиі кездеседі. Мұндай сәтте мемлекеттік инспекторлар далада от жағылмауын, турфирманың саяхатшыларды ыстық ас-сумен, шатыр және биоәжетханамен қамтамасыз етуін жіті бақылайды. Соңғы екі жылда ереже бұзған жиырмаға жуық адамға әкімшілік айыппұл салынған.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев