Атырау мұнай өңдеу зауыты экологиялық талаптарды бұзған
Облыстық экология департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру кезінде бірнеше заң бұзушылық анықталды.
Соңғы екі айда зауытта апатты жағдай болып, алау қондырғысында 100 тоннадан аса газ жағылған. Сонымен қатар кәсіпорындағы кейбір технологиялық пештер мен резервуарлардан шығатын ластаушы заттардың мөлшері есептелмеген. Бұдан бөлек экология департаменті кәсіпорында көміртегі тотығы, азот оксиді мен азот диоксидінің белгіленген шекті мөлшерден асқанын анықтады. Автоматты бақылау жүйесі мен метеорологиялық жағдайларға қатысты талаптардың да бұзылғаны белгілі болды.
Айғаным Бағытқали, мемлекеттік экологиялық инспектор:
- Тексеріс нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 328, 328-1 және 324-баптары бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды. Сонымен қатар қылмыстық құқық бұзушылық құрамын анықтау үшін, процессуалды шешім қабылдау үшін құжаттар құқық қорғау органдарына жолданылды.