Экомәдениет мектептен басталады
Қарағанды облысының оқушылары «Эко-қаһарман» акциясы аясында үш тонна макулатура мен 230 келі пластик жинады.
Бүгін ұйымдастырушылар байқауды қорытындылап, жеңімпаздарды бірнеше аталым бойынша марапаттады.
«Эко-қаһарман» байқауы биыл «сұрыпта - тапсыр - қайта өңде» экологиялық акциясы аясында өтті. Ең жас қатысушылардың арасында ерекше белсенділік танытқандардың бірі Давид Подвисоцкий. Бірінші сынып оқушысы қайта өңдеуге жататын қағаз бен пластик қалдықтарын ең көп жинаған қатысушы атанды.
Давид Подвисоцкий, оқушы:
- Кез келген қоқысты бейберекет тастай салмай, сұрыптау қажет. Одан әрі қайта өңдеуге тапсырған жөн. Себебі бұл қалдықтардан жаңадан қаламсап, дәптер, пластик құты жасауға болады.
Акцияға Қарағанды облысындағы барлық мектептің оқушылары қатысты. Нәтижесінде 3 тонна макулатура мен 230 келі пластик қалдығы жиналды
Әйгерім Арыстанбекова, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
- Акцияның негізгі мақсаты өскелең ұрпақтың қоршаған ортаға деген қамқорлығын ерте жастан қалыптастыру. Яғни экологиялық мәдениетті мектептен бастап үйрету. Қатысушылардың игі бастамалары өзге де оқушыларға үлгі болады деп ойлаймын.
800 келі қағаз қалдығы мен 111 келі пластик жинаған №45 гимназия оқушылары байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Білім ордасының ұжымы «Бұл біз үшін бір реттік науқан емес» дейді. Мұнда 9 жылдан бері «Экомектеп» жобасы жұмыс істейді
Милана Якшина, № 45 гимназия президенті:
- Біздің мектепте мұндай акцтялар тұрақты өтіп тұрады. Негізінен пластик қалдықтарды жинап, қайта өндеуге жібереміз. Мәселен, былтыр біздің оқушылар 104 келі пластик қақпақ жинап байқауда бірінші орын иеленді.
Гимназиядағы экологиялық жұмыс тек қайта өңделетін заттарды жинаумен шектелмейді. "Кірпіні құтқарайық" акциясы аясында оқушылар пайдаланылған батареяларды жинап, оны жоятын арнайы орындарға тапсырад.
Назым Әбдікаримова, № 45 гимназия директорының орынбасары:
- Жылдан жылға оқушылардың жетістіктері,мұғалімдердің жетістіктері, экологиялық бағыттарға арналған акцияларға, жарыстарға үнемі қатыса отыра осындай үлкен орындарға марапатталып отырғанына куә болып отырсыздар. Экологиялық мәдениетті сақтау барлық адамзаттың борышы. Біз оны мектеп қабырғасынан бастауымыз керек.
Ұйымдастырушылар байқауды алдағы уақытта дәстүрге айналдыруды көздеп отыр. Себебі бұл балаларды қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеп қана қоймай аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етеді.
Авторы Елдос Кәкенов