«Таза Қазақстан»: жыл сайын 35 мың жас жұмысқа тартылады

ЖИ

«Таза Қазақстан» бастамасы тек бір күндік науқан емес, ол еліміздің экологиялық санасын қалыптастырып жатқан ұзақ мерзімді үдеріс. Бұл туралы «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы басшысының орынбасары Диас Бекмұрат «24KZ» арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Елімізде қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы 7 миллионға жуық азаматты біріктірді. Бұл бастамаға әсіресе жастар мен еріктілер белсенді қатысып, экологиялық мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетіп отыр. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жыл сайын 35 мыңға жуық жасты, соның ішінде NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамтып, абаттандыру, тазалық және ағаш отырғызу жұмыстарына үлес қосып келеді. Сондай-ақ аймақтарда экоамбассадорларды оқыту, «Экопатруль» пилоттық жобаларын іске асыру және оқу орындарында тұрақты түрде экологиялық сағаттар өткізу қолға алынған.

Диас Бекмұрат, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабы басшысының орынбасары:

Бұл Таза Қазақстан - бір күндік акция емес, бұл біздің өмір салтымызды, санамызды өзгертуге арналған бастама. Экологиялық санамызды қалыптастырсақ, еліміз көркейеді, гүлденеді. «Жасыл ел» жасақтары жыл сайын отыз бес мыңға жуық жасты жұмыспен қамтып отыр. Олар өз елді мекендерін абаттандырып қана қоймай, еңбекақыларын алады. Экологияны тазарту деген ұғымды тек қана сырттай тазалықпен шектеп қалмауымыз керек, бұл - ойдың да, ниеттің де тазалығы.

Маманның айтуынша, экологиялық тәрбие мен сана балабақша мен мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Еліміздің оқу орындарында жүздеген мың оқушыны қамтыған экологиялық сағаттардың ұйымдастырылуы жас буынның саналы азамат болып өсуіне және табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға негіз болып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: