Арал теңізінің табанындағы топырақты құнарландыруға фосфогипс қолданылып жатыр
Арал теңізінің құрғаған табанындағы топырақты құнарландыру үшін фосфогипс қолданылып жатыр.
Ғалымдар экологиялық жобаны үш жыл бұрын қолға алды. Биыл сол жұмыс нәтижесін берді. Бұл туралы Тараздағы халықаралық ғылыми конференцияда айтылды. Мамандар «Қазфосфат» кәсіпорнынан алынған фосфогипсті Арал өңіріне жеткізіп, әр гектарына 40 тонна септі. Нәтижесінде оның құрамындағы кальций топырақтағы зиянды натрий мөлшерін азайтып, сортаңдану деңгейін төмендетуге ықпал еткен. Тәжірибе жүзінде егілген алма, сексеуіл және қарабарақ тұқымдарының 70 пайызы өсіп шыққан. Енді ғалымдар Жамбыл жеріндегі фосфогипсті Арал өңіріне көп мөлшерде жеткізу үшін Үкіметтен қолдау сұрайды. Аралдың құрғаған табанының жалпы аумағы 6 миллион гектардан асады. Оның 2,8 миллион гектары Қазақстан аумағында орналасқан.
Серікәлі Мұқатаев, Халықаралық Аралды құтқару қоры ҚР Атқарушы дирекциясының директоры:
- Фосфогипс осы күнге дейін суармалы жерлерде қолданылып келеді. Бірақ Арал теңізіне бірінші рет қолданып жатырмыз. Суармалы жерлерде сумен бірге фосфогипс араласып тез нәтиже береді. Арал теңізінде, білесіздер, ол суарылмайтын жерлер. Тек қана қыста қар жауғанымен, сол ғана әсер етеді. Сондықтан мынау жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Ол тұздылығы азайып, фосфогипс қолданған жерімізде сексеуіл өсуі көбейді. Алма бақтардың шығымдылығы 70 пайызға көбейді.