Су тасқыны. Амангелді ауданында да жағдай күрделі
Қостанай облысында Торғай өзені тасып, Аманкелді ауданына қауіп төндірді. Кеше бірнеше елдімекенді су басты.
Тасқын су, аудан орталығына жақындады. Аманкелді ауданындағы қазіргі жағдай жөнінде өңірдегі тілшіміз Мағауия Қалиев баяндайды.
Бастапқыда еріген қар суы Аманкелді ауылының шеткі көшелерін жайлады. Ресми мәліметке сүйенсек, екі күн бұрын Сейфуллин көшесіндегі 12 үйді су басқан. Бүгін біз байқағанымыздай, осы көше бойы телегей-теңіз. Боранбаев атындағы мектеп су ортасында. Ал осы аудан аумағында, менің есебінше, 6-7 ауыл қарғын су құрсауында. Біраз малдың шығын болғандығын бәрі мойындап отыр. Бірақ оның есебін ешкім нақты айта алмайды.
Бірінші кезекте адам өмірін сақтап қалу маңызды дейді құтқарушылар. Қазір Аманкелдіден шамамен 20 шақырым қашықтықта өтетін Торғай өзенінің арнасынан асуы қауіп төндіріп тұр. Тасыған су ауылдың сол жақ бетіне тақап келді. Қауіптің бетін қайтару үшін жалпақ жұрт жабылып, судың жиегін бітеп жатыр. Тасқын судың қоршауында қалған елді мекен, қыстақтардан тік ұшақ қайықпен тұрғындар қауіпсіз жерге шығарылуда.
Серік Төлебай, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:
- Қабырғада жобамен 80-ге жуық адам бар. Одан кейін Ақкісі деген ауыл мана таңертең вертолетпен адамдарды алып кеткен болатын. 51 адам. Жартысын алып кеткен. 20 шақты адам қыстақта қалып қойды. Таңертеңгілік. Өйткені вертолеттан өздері отказ берген-тұғын. Малдары бар, жандары бар ер адамдар қалып қойды. Енді қазіргі көмек сұрап жатыр. Жалпы алғанда 59 адам құтқарылды.
Кеше Жанкелдин, Аманкелді аудандарында және Арқалық қаласында төтннше жағдай жарияланды. Арқалық, Жанкелдин ауданында жағдай саябырсыды, Аманкелдіге бүгін-ертең үлкен су келуі мүмкін деген болжам бар
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг, «24.KZ», Қостанай облысы